Футбол деген бір ғажап!
Футзал

Финал тарихы. 2012/13 жылғы маусым

Финал тарихы. 2012/13 жылғы маусым
news-banner7
mobile-news-top

2018/19 жылғы футзалдан UEFA Чемпиондар лигасының Төрттік финалы Алматы қаласында өткелі жатыр. Алматыда қазақ футзалының мақтанышы «Қайраттан» бөлек, «Спортинг» (Португалия), «Интер» (Испания), «Барселона» (Испания) командалары өнер көрсетеді, деп жазады Prosports.kz сайты

Осы айтулы дода алдында «Қайрат» футзал клубының ресми сайты УЕФА кубогы Төрттік финалының тарихымен таныстыруды жалғастырады. Біз бүгін қазақстандық жанкүйерлердің есінде мәңгі қалған 2012/13 жылғы маусым жайлы жазамыз.

Шынын айтқанда, қазақ футболының 100 жылдығына орай «Қайрат» жанкүйер қауымға керемет сый жасады деуге болады. 2008/09 жылғы маусымда УЕФА кубогының қола жүлдегері атанған алматылықтар 2012/13 жылы қарт құрлықтың басты турнирін жеңіп алды.

Бір қызығы, бұл жылы «Қайратты» қос бірдей бапкер баптады. 2012 жылы қазан айында Жоао Барбозаның жетекшілігімен УЕФА кубогы іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, төрттік финалға сәтті жолдама алды. Алайда 2013 жылы ақпан айында Барбоза бапкер ресейлік «Сибиряк» тізгінін ұстады да, «Қайрат» бапкерсіз қалды.

Еуропаның басты турниріне тура екі ай қалғанда бас бапкерсіз қалған «Қайрат» тәуекелген барды. Бапкерлік қызметте көп тәжірибесі болмаса да өзінің бұрынғы үздік ойыншысы, бразилиялық маман Какауды командаға шақырды. Айта кетерлігі, Какау сол кезде тек чехиялық «Хрудим» және осы елдің ұлттық құрамасында жаттықтырушы ретінде ғана қызмет атқарған еді. Сөйтіп, Какау өзінің бұрынғы командасымен бірге төрттік финалға жорығын бастады.

Какаудың бапкерлік тәжірибесі мен әдістемесі Барбозаныкіндей мол болмағанымен, мықты мотиватор еді. Ол командадағы әр ойыншының көңілін тауып, жігерін жани алды. Осының арқасында қысқа уақыт ішінде команданың ойын стилін түбегейлі өзгерте алмаса да, психологиялық тұрғыдан «Қайрат» ойыншыларын ірі турнирге жақсы дайындай білді. Осының өзі жартылай финалда атақты «Барселонаға» азу танытуға септігін тигізді.

Сол кезде клуб прзиденті Қайрат Оразбеков УЕФА Кубогының финалында каталониялық командамен кездескісі келетінін айтып жүрді. Бірақ бұл жолы ол арман орындалмады, себебі командалар Тбилисиде өткен Төрттік финалдың жартылай финалында жолдары түйісті. Бұл суперматчта қазақстандық ұжым 5:4 есебімен басым түсіп, финалға жолдама алды.

«Қайрат» - «Барселона» кездесуінде соғылған тоғыз голдың үштен бірін «Қайрат» ойыншысы Фумаса өз еншісіне жазды (3, 8, 39 минут). Матч қаһарманы Фумаса керемет кездесу турлы: «Бұл жеңіс жыл бойы жасаған жұмысымыздың жемісі деп есептеймін. Бұл біз үшін өте үлкен жетістік. Қазіргі сәтте өте қуаныштымын, әрі өте бақытты сезімдемін. Шынымды айтсам, мен мұндайды күткен жоқпын», - деп ойын айтқан болатын.

УЕФА кубогы. «Төрттік финал». Жартылай финал.

«Қайрат»-«Барселона» - 5:4 (2:2)

Гол соққандар: Фумаса 3, 8, 39, Алешандре 25, Лео 36 – Лиин 8, Торрас 16, Вилде 21, Фернандао 40

Осылайша, 2004/05 жылы УЕФА кубогында дебют жасап, келесі жылы бірінші мәрте Төрттік финалға қатысқан, ал 2008/09 жылғы маусымда УЕФА кубогының қола жүлдегері атанған «Қайрат» 2012/13 жылы алғаш рет финалға жолдама алды. Ақтық сында оларды 2006 жылы алғаш рет Төрттік финалға қатысқанда жартылай финалда жолын кескен мәскеулік «Динамо» күтіп тұрды.

Сол кезде төртінші мәрте УЕФА кубогының финалына шығып отырған «Динамо» сөзсіз бұл кездесудің фавориті еді. Алайда «Қайрат» мәскеуліктерді 4:3 есебімен жеңіп, УЕФА кубогында топ жарды. Сөйтіп, Қазақстанға алғашқы халықаралық ірі трофейді алып келді.

УЕФА кубогы. «Төрттік финал». Финал.

«Кайрат» - «Динамо» - 4:3 (1:1)

Гол соққандар: Попов 11 - автогол, Лео Сантана 23, Фумаса 29, Игита 33, - Сергеев 19, Пула 36, Тату 37.

Алматы қаласында өтетін футзалдан UEFA Чемпиондар лигасының Төрттік финалы басталар уақыт жақындап келеді. Еуропаның ең үздік төрт командасы - «Қайрат» (Алматы), «Барселона», «Спортинг» (Лиссабон) және «Интер» (Мадрид) бақ сынайтын айтулы дода 26 сәуір күні басталады. «Қайраттың» жартылай финалдағы қарсыласы көне таныс - «Барселона».

Қос команда 2013 жылы жартылай финалда кездесіп, қазақстандық ұжым 5:4 есебімен басым түсіп, финалға жолдама алғанын жоғарда жаздық. Осыдан кейін араға екі жыл салып ақтық сында жолдары түйісті. Ол кезде де «Қайрат» жеңіс тойын тойлады. Финалдағы есеп — 3:2. Ал осы жолы қандай нәтиже тіркелерін бір аптадан кейін білетін боламыз.

26 сәуір

Жартылай финал

18:45 - «Спортинг» - «Интер»

21:30 - «Барселона» - «Қайрат»

28 сәуір

18:45 - Үшінші орын үшін матч

21:30 - Финал

«Қайрат» Төрттік финалды осымен үшінші мәрте өз алаңында өткізгелі отыр. Осының алдында Алматыда екі мәрте жанкүйерлеріне қуаныш сыйлай алмаған «Қайрат» осы жолы барын салары сөзсіз.

Қуаныш Қаппас

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер