Төрттік финал қатысушылары: «Барселона»

Төрттік финал қатысушылары: «Барселона»

2019 жылы сәуір айында «Алматы Аренада» футзалдан Чемпиондар лигасының Төрттік финалында «Спортинг» (Португалия), «Интер» (Испания), «Барселона» (Испания) және «Қайрат» (Қазақстан) кездеседі.

Естеріңізге сала кетейік, Төрттік финал жартылай финалдың форматы бойынша өткізіледі, оның нәтижесі бойынша екі команда ақтық сынға шығып, финалда кубокқа таласады.

Кубоктың қазіргі иегері «Интер» Алматыға фаворит ретінде келеді, испандардың мини-футболдан ең ірі турнирді қатарынан үш рет жеңуге мүмкіндігі бар. Мұндай жағдай турнир тарихында 1984 жылы құрылғаннан бері болған жоқ.

Төрттік финал фаворитінің қарсыласы «Спортинг» болады. Біз бұған дейін осы екі команданың мүмкіндіктері туралы жазған болатынбыз. Енді «Қайраттың» жартылай финалдағы қарсыласы туралы баяндайтын уақыт келді, ол - «Барселона». Біз испаниялықтардың ойыншылары мен бас бапкерін зерттеп, қазақстандық клубқа қарсы мүмкіндіктерін бағалаймыз.

«Барселона» (Барселона, Испания)

Клуб жетістіктері

Халықаралық

Кубок иегерінің кубогы: 1989-90

УЕФА кубогы: 2011-12, 2013-14

Ұлттық

Испания чемпионы: 2010-11,  2011-12, 2012-13

Король кубогының иегерлері: 2010-11, 2011-12, 2012-13, 2013-14, 2017-18

Испания Суперкубогының иегерлері: 2013

Испания кубогының иегерлері: 1989, 2011, 2012, 2013, 2019

«Барселона» деп футбол ғана емес, мысалы, баскетбол командасы на атайды. Каталонияда спорттық командалар жүйесі өте көп, футзалда да «Барселона» деген атаумен өнер көрсетеді.

«Барселонаның» футзал командасын құруға алғашқы әрекеттер 1976 жылы жасалды, сол кезде «блауграндардың» бұрынғы футболшылары жиналып, мини-футбол ережелеріне сай жолдастық матчтар ұйымдастырылған. Мұның бәрі клуб президенті Хосеп Луис Нуньестің ресми түрде футзал құрамасын құруына алып келді.

Команда жақсы нәтижеге қол жеткізгеніне, мысалы, Каталония кубогындағы жеңістерге қарамастан, 1983 жылы клубты тарату туралы шешім қабылданды.

Футзал клубының ресми мәртебесі 1986 жылы ғана қалпына келтіріліп, команда 90-шы жылдардың соңында тағы да табысқа жете бастады.

«Барселона» 48 командадан тұратын Испания футзал лигасындағы алғашқы қатысушылардың бірі болды. Каталониялықтар турнирдің бірінші кезеңінде екінші орын иеленген, бірақ екінші кезеңде соңғы орын алды, сондықтан олар чемпиондық плей-оффқа қатыса алмады.

«Бaрcелона» 1995/96 жылғы тұрақты чемпионат басталғанға дейін Пиренейдегі жетекші футзал клубтарының бірі болды. Бірақ кейін клуб футзалдың бюджеттік бөлігін едәуір қысқартқаннан кейін, команда тек өздерінен шыққан ойыншылардан қалыптасуы керек еді. Мұның бәрі клубтың 1998 жылы екінші дивизионға түсуіне әкелді.

Көріп отырғандарыңыздай, «Барселонаның» футзал тарихында құлдырауы жеткілікті. Алдыңғы шығарылымдарда біз тағы бір испан командасы - «Интерді» үлкен футболдағы «Реалмен» салыстырсақ, онда бұл «Барселонаны» үлкен футболдағымен салыстыруға келмейді - командалар мүлде басқа тағдырға ие.

Құрамында әлемдегі ең мықты ойыншылар бар «Барселона» футбол командасы Чемпиондар лигасын жеңіп алып жатқанда, футзал командасы жоғарғы дивизионға енді көтеріліп, алғашқы демеушілерге ие болды. Ал бұл лайықты қаржыландыруға әкеліп, команда табысты өнер көрсете бастады.

2011 жылы «Барселона» Король кубогын, сондай-ақ чемпионатта және Испания Кубогында жеңіске жетіп, тарихи «требль» жасады.

Осылайша, каталониялықтар алғаш рет УЕФА кубогына жолдама алған, мұнда оларды тағы да сәттілік күтіп тұрды - алдағы Төрттік финалдың тағы бір қатысушысы «Спортингті (5:1) оңай өтіп, финалда мәскеулік «Динамоны» жеңді.

Бір жылдан кейін тарих қайталанды - «Барса» финалда тағы да ресейлік клубпен кездесіп, жеңіске жетті. 2013 жылы Испания Суперкубогын иеленген испан командасы тағы бір үлкен жетістікке қол жеткізді: олар қатысқан барлық турнирде жеңімпаз атанды.

«Қайрат» клубымен кездесулер тарихы

Соңғы жылдардағы жеткен табыстарымен қатар, «Барселона» өз жолында қиын кезеңдерді де өткерді. Осы тұста «Қайрат» пен каталониялықтар арасындағы өткен ойындар туралы әңгімелеудің уақыты келді.

2013 жылы Тбилисиде өткен УЕФА кубогына келгенде, «Барселонада» турнирдің қазіргі жеңімпазы, сондай-ақ негізгі фавориті  деген атақ болды. Алайда, мұнда каталониялық клуб өз тарихын енді құрып жатқан алматылықтарға кезікті. Жартылай финалда «Қайраттан» ұтылып қалды. Екі жылдан кейін турнирдің финалында екі команда тағы да кездесті.

2015 жылы Лиссабондағы УЕФА кубогы да сол сценарий бойынша өрбіді - «Барселона» турнирді қатарынан екінші рет жеңіп алуға тырысып, басты фаворит саналды. Дегенмен, «Қайраттың» жеке ноу-хауы болған. Сол кезде қазақстандық клуб Еуропада испаниялық клубты жеңген жалғыз команда болған еді, ал құнды тәжірибе тез нәтиже берді. Үзіліске дейін Умберто мен Диваней гол соғып, Какау командасы 2:0 есебімен алда болған. «Барселона» таразы басын теңестіре алды, бірақ «Қайрат» жеңіс голын соғып кетті – есеп 3:2. Бұл жолы қақпада да, шабуылда да сәтті ойнайтын Игита көзге түсті.

Бұл финал керемет атмосферасымен есте қалды - ойынды 30 мыңға жуық адам бақылаған. Тіпті осы финалда жеңіліп қалған «Барселона» ойыншысы Уайлд та жанкүйерлерге мақтауын жеткізді:

«Мен мұндай қолдауды ешқашан көрген емеспін. Өмірімде қанша матч өткіздім, бірақ осы сияқты ештеңе көрмедім. Футзал осынысымен әдемі».

Құрамы

«Барселонаның» құрамында үздік деп саналатын керемет ойыншы жоқ шығар, бірақ бұл каталониялықтарды әлсіз деуге келмейді - мұны команда жақында аяқталған Испания кубогында дәлелдеді, онда «Барселона» алты жылдан кейін жеңіске жеткен еді. Бұл испан командаларының деңгейін ескеретін болсақ, үлкен жетістік.

Кубоктың финалында олар Испания чемпионатында бірінші орында келе жатқан «Эль-Посо Мурсияны» ұтты.

Әсіресе, Феррао өзін жақсы көрсетті: ол Кубоктың барлық матчында есеп ашты және турнирдің үздік ойыншысы атағын алды. Егер каталониялықтар сапында бір ойыншыны басты қауіп ретінде алып қарасақ, онда бұл техникасы мықты бразилиялық болмақ. Ферраоның ойын стилі Рикардиньоға ұқсайды - екеуі де кез келген позициядан қақпаны дәл көздеп, допты ешқашан жоғалтпайды. «Қайраттың» ойыншылары оның ең жақсы қасиеттерін жақсы біледі, өйткені бразилиялық алматылықтарға қарсы барлық матчтарда ойнады.

«Барселонаны» Андреу Плаза жаттықтырады. 2016 жылдан бері каталониялықтарды жаттықтырған маман баяу және сенімді түрде команданы дұрыс бағытта алып келе жатыр - ол қазірдің өзінде Король кубогын, алты жылда алғаш рет Испания кубогын иеленіп, соңғы УЕФА Кубогында үшінші орынды алды.

Плаза біртіндеп «Барселонаны» жақсартып келеді, сондықтан Алматыдағы турнирде табысты өнер көрсетуді өз жұмысының қисынды жалғасы ретінде көреді. Алайда, клубтың жартылай финалдағы қарсыласы «Қайрат» екенін ескерсек, бұл сенімдері ақталмайды деп үміттенеміз.

«Барселона» Қазақстанның оңтүстік астанасына кек қайтару үшін келеді, өйткені каталониялықтардың Еуропадағы басты сәтсіздіктері «Қайратпен» байланысты. 

Көпшіліктің пікірінше, Төрттік финалдың жеңімпазы «Интер» болады, бұл түсінікті, испан ұжымы соңғы екі жыл бойы турнир жеңімпазы болып келеді. Бірақ, Испания чемпионатының турнирлік кестесінде «Барселонаның» «Интерге» қарағанда әлдеқайда жоғары екенін ұмытпауымыз керек.

Қорыта келе, жартылай финалда біз өте қызықты матч күтеміз. Ал егер «Қайрат» пен «Барселона» өткенді еске түсіріп, 2015 жылғы финалда болған шоуды қайталаса, онда Алматыдағы жанкүйерлер үшін ұмытылмас ойын болады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или