Казанцев балшыққа батты
Тау велоспортынан Түркияның Алания қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирде Кирилл Казанцев алғашқы ондықтан көрінді.
Қазақстандық велошабандоз жүлделі орын алмаса да, көңіл-күйінің жақсы екендігін жеткізген. Ол Instagram желісіндегі парақшасында турнирдегі қызықты суреттерімен бөліскен. Кадрдан спортшының батпаққа белшесінен батқанын байқауға болады.
- Жарыс батпақсыз болмайды. Жарыста қоржыныма ұпай сала алмағаным қынжылтады. Өкінетін ештеңе жоқ, келесі жолы жетістікке жетемін, - деді ол. Мұны көрген велошабандоздың оқырмандары "саған жарасады", "батпақтан тек көзі ғана көрінеді", "батпаққа аунаудан жарыс өткен сияқты" деген сынды пікірлер қалдырған.
Еске сала кетсек, Кирилл Казанцев Азиада-2018 турнирінде қола жүлдені жеңіп алған. Ол тау велоспортынан медаль ұтып алған тұңғыш қазақстандық спортшы болып табылады.