Еуропа үздіктері - «Интерден» «Қайратқа» дейін

Еуропа үздіктері - «Интерден» «Қайратқа» дейін

Кәріқұрлықта футзал бұрыннан танымал спорт саналатын. Ал УЕФА кубогы пайда болғаннан соң бұл спорт түрі қарыштап дамып келеді. Футзалдағы ең беделді доданың ақтық кезеңі сегіз мемлекетте өткен екен. 

Жаңа мыңжылдыққа қадам басқан сәтте УЕФА кубогының тұсауы кесілді. Бұл жарыс 1984 жылдан бері өткен Еуропа чемпиондары турнирінің орнын басты. 

Биылғы маусымнан бастап УЕФА кубогының атауы өзгерді. Енді байрақты бәсеке мини-футболдан УЕФА Чемпиондар лигасы деп аталады. Ал финалдық кезең Алматы қаласында өтеді. 

«Қайраттан» бөлек кубокқа «Барселона», «Интер» және «Спортинг» секілді беделді командалар таласады. Prosports.kz байрақты бәсекені тарихындағы айтулы оқиғаларды еске түсіруді шешті.

Prosports.kz

Prosports.kz

Испанияның дәурені

Бұған дейін Пиренейдің командалары УЕФА кубогының финалында 5 мәрте жеңіске жеткен. Жаңа ғасырдың басында «Плайас де Кастельон» атты команданың дәурені жүріп тұрған еді. Елінде қарсылас шақ келтірмеген бұл команда УЕФА кубогының алғашқы екі маусымында топ жарды. Лиссабонда өткен тұңғыш турнирде «Плайас де Кастельон» финалда 5:1 есебімен бельгиялық «Аксьон 21» командасының күл-талқанын шығарды. Келесі жылы УЕФА кубогында 30 клуб бақ сынады. Алайда финалға сол «Плайас де Кастельон» мен «Аксьон 21» қайта шықты. Бұл жолы финалдың форматы өзгеріп, командалар өзара екі мәрте кездесті. Дегенмен испаниялық клуб мықтылығын тағы дәлелдей білді. Есеп – 1:1, 6:4.

2001/02 жылғы маусымда өткен ғасырдың 80 жылдары мықты командалардың бірі болған «Бумеранг Интервью» (қазіргі «Интер Мовистар») тарихты жаңғыртып, Испания чемпионы атанды. УЕФА кубогына жолдама алған «Интер» жартылай финалда алаңға ойынға қатысуға құқығы болмаған ойыншыны шығарғаны үшін техникалық жеңіліске ұшырады. Дегенмен араға бір жыл салып «Интер Мовистар» мықтылығын дәлелдеді. Финалда «Бумеранг» португалиялық «Бенфиканы» ұтып, УЕФА кубогын жеңіп алды. Ал екі жыл өткеннен соң осы жетістігін қайталады. Сондай-ақ, 2008/09 жылғы маусымда «Интер Мовистар» атауын алған испаниялық клуб финалдық кездесуде ресейлік «ВИЗ-Синарадан» басым түсіп, үшінші рет қоржынына УЕФА кубогын салды.

Мұнымен испаниялық клуб тоқтап қалмады. 2017 жылы Алматыда өткен Төрттік финалында «Қайратты» жартылай финалда тоқтатты. Ал ақтық кезеңде «Спортингтің» қақпасына жауапсыз 7 гол соғып, УЕФА кубогын жеңіп алудан рекорд жасады. Өткен жылы Сарагосада «Интер» бесінші рет Еуропада теңдессіз екенін дәлелдеді. 

Жалпы испаниялық клубтар УЕФА кубогын 9 мәрте жеңіп алған. «Плайас де Кастельон» екі рет топ жарса, «Интер Мовистар» 5 трофеймен рекорд орнатты. Оған қоса, «Барселона» 2011/12 және 2013/14 жылғы маусымда УЕФА кубогын иемденген.

Бельгияның көптен күткен кубогы

2004/05 жылғы маусымда «Аксьон 21» үшінші рет финалға шығып, жеңіске жетті. Алғашқы екі финалында «Плайас де Кастельонға» есе жіберген бельгиялық ұжым 2005 жылы мәскеулік «Динамодан» басым болып, тарихында алғаш рет УЕФА кубогын ұтып алды.  

Ресейлік клубтардың жетістігі

Турнирдің форматы өзгергеннен соң ресейлік командалардың дәурені басталды. 2007 жылы «Динамо», бір жыл өткеннен соң «ВИЗ-Синара» УЕФА кубогының жеңімпазы атанды. Ал 2016 жылы «Газпром-Югра» Ресейге үшінші кубокты алып берді. 

Prosports.kz

Prosports.kz

Қазақтың «Қайраты»

Қазақ елінің мақтанышы - «Қайрат». Талайды таңғалдырған алматылық ұжым кәрі құрлықтың ең беделді турнирінде екі мәрте топ жарған. Какау «Қайраттың» тізгінін ұстаған 2013 жылы Тбилисиде өткен УЕФА кубогында оларға төтеп берер ешкім болған жоқ. Жартылай финалда «Барселонаны» (5:4) сан соқтырған «Қайрат» ақтық ойында «Динамоны» (4:3) қапыда қалдырды. Игитаның аяқпен алаңдағы ойыншылардан кем ойнамайтыны қарсыластар үшін нағыз соққы болды. Бұл тактиканы алматылық ұжым әлі күнге дейін қолданып келеді. 

Арада екі жыл өткеннен соң «Қайрат» Тбилисидегі жетістігін Лиссабонда қайталады. Финалдық ойында «Барселонадан» айласын асырып, екінші мәрте УЕФА кубогының иегері атанды.

Сәуір айында Алматы ендігі УЕФА Чемпиондар лигасы деп аталатын турнирдің финалын үшінші мәрте қабылдайды. Оңтүстік астанамызда Еуропаның үздік төрт командасы бақ сынайды. Атап айтқанда, «Қайрат» (Алматы), «Барселона», «Спортинг» (Лиссабон) және «Интер» (Мадрид). 

26 сәуір

Жартылай финал

18:45 - «Спортинг» - «Интер»

21:30 - «Барселона» - «Қайрат»

28 сәуір

18:45 - Үшінші орын үшін матч

21:30 - Финал

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или