«Құпия» ақпарат
Бокс

Жәнібек “жаңа өмірге” дайын ба?

Жәнібек “жаңа өмірге” дайын ба?
news-banner7
mobile-news-top

Қазақ боксының ең талантты жігіттерінің бірі Жәнібек Әлімханұлы Америкадағы алғашқы айқасын 28 қыркүйек күні өткізеді. Қарсыласы әлі анықталған жоқ. Бірақ, Геннадий Головкиннің салмағында жұдырықтасатыны белгілі болды. Оның бұл жекпе-жегінен не күтуге болады?

Бұл Жәнібектің кәсіпқой бокстағы үшінші кездесуі болмақ. Алғашқы екі айқасын Қазақстанда өткізген. 2016 жылы Алматыда нокаутпен жеңген, былтыр Астанада алты раундтың қорытындысы бойынша бразилиялық қарсыласынан басым түскен. Енді үшіншісі…

Жәнібектің есімі 2012 жылдан бастап танылды. 2013 жылы өзі қатысқан барлық бәсекеде жеңімпаз болып, ең соңында әлем чемпионы атанды. Жанкүйерлердің ең сүйікті боксшыларының біріне баланып, жаһандағы барлық баспасөз тек Әлімханұлы жайлы жазып жатты. Біз де оған көп үміт арттық. 2015 жылғы әлем чемпионатында ширек финалдан аса алмағанымен 2016 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарында бас жүлдені жеңіп алар деп күттік. Расымен де Жәнібек Риода бабында еді. Алғашқы екі қарсыласын қалпақпен қайырып алды десек те болады. Алайда, ширек финалда жерлесімізді танымай қалдық. Әзірбайжандық қарсыласынан қарсы еш қауқар көрсете алған жоқ. Құдды бір, түнімен ұйықтамай шыққан адамдай көрінді. «Шаршап қалды» десті біреулер, «жартылай финалдағы потенциалды қарсыласы Арлен Лопесті көп ойлап кетті» десті екіншілері. Тіпті, «әлдекімдердің уәдесіне сеніп қалды» деген де әңгімелер жүрді. Бірақ, кім қалай десе де, бұл жекпе-жек Жәнібектің өмірін өте қатты өзгертті. Кәсіпқой боксқа кетеді деген әңгімелер содан кейін қатты өршіді.

Олимпиададан кейін елге келіп, бірден кәсіпқой бокста дебютін өткізді. Нокаут. Алайда, екі ойлы болып жүрген екен, 2016-ның қарашасында Қазақстан чемпионатына қатысып, барлық қарсыласын ұрып алды. Бұл аралықта Әлімханұлы әуесқойды да, кәсіпқойды да қатар алып жүрген еді. Былтыр қыркүйекте Астанада өткен жекпе-жек кешінде кәсіпқой бокстағы екінші кездесуін өткізді. Дегенмен, Шымкенттегі ел чемпионатының ширек финалында 19 жасар боксшыдан жеңіліп қалғаннан кейін Жәнібек кәсіпқой боксқа ауысу туралы біржола шешімге келген секілді. Қазір ол әйгілі менеджер Эгис Климаспен жұмыс жасап жүр. Америкаға да қыдыру үшін аттанбағаны анық. Бапкері да білікті маман. Кезінде Джеймс Тони, Артуро Гатти сынды мықтыларды жаттықтырған. Майк Тайсонды да соңғы жекпе-жектеріне алып шыққан. Қазір ІВҒ тұжырымының экс-чемпионы Сергей Липинецті тәрбиелеп жүр. Жәнібекті де дұрыс жолға бастауы тиіс.

Дегенмен, 72 келі салмақ дәрежесіне жерлесіміз қаншалықты үйреніп кете алар екен? Былтырғы жекпе-жегін бірінші ауыр салмақ дәрежесінде өткізген еді. Бірден екі салмаққа түсейін деп отыр. Рас, әуесқойда Жәнібек 75 келіде жұдырықтасатын. Егер салмақ қуса, үш келі тастау аса қиын болмайтын да шығар.

…Сонымен, 28 қыркүйек. Қарсыласы әлі белгісіз. Жекпе-жектің қанша раундқа жоспарланып отырғанын да білмейміз. Бірақ, өзі айтпақшы, Америка жанкүйерлерін және өзіне көз тігіп отырған АҚШ спорт сарапшыларының жүректеріне жол табу үшін алғашқы айқасында қарсыласын қалай да құлатуға тырысу қажет. Әйтпесе, Америкада өзін мойындату қиын. Мұны Әлімханұлы да жақсы түсінеді. Біз де соны күтеміз, тақым қысамыз.

Түпнұсқасы: diamondring.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер