Асан Базаев: Алексей Луценко өзінің нағыз шебер екенін көрсетті
Тас жолдағы велоспорттан Қазақстан командасының бас бапкері Асан Базаев Алексей Луценконың бүгінгі жеңісіне қатысты өз пікірін білдіріп, топтық жарысты қорытындылады деп хабарлайды<span> </span>Olympic.kz.
«Жарыстың әу бастан қиын болатыны сөзсіз. Мәселен, рельеф пен тас жол туралы толық ақпаратты Азиадаға екі апта қалғанда білдік. Алғашында айналма жола болады деп күткенбіз. Болжамымыз теріске шықты. Содан соң, дереу тактикамызды өзгерттік. Бүгін Фоминых пен Бижігітов тегіс жолдағы топты толығымен өз қолдарына алып, бақылауда ұстады. Ал жоғары өрмелеген тұста Луценконы Гидич торуылдап жүрді. Жігіттердің барлығы да жарады! Ал Алексей өзінің жоғары деңгейінің арқасында жеңіп отыр. Мәреге жақындаған кезде екі жапондық, екі таиландтық спортшымен жалғыз өзі айқасты. Тіпті, менің өзім алаңдап кеттім», - дейді Базаев.
Сондай-ақ, бас бапкер бүгінгі жарыс жолында спортшыларға радиобайланыс жасауға рұқсат берілмегенін мәлімдеді.
«Әрине, радиобайланыс болғанда аздаған жеңілдік болар еді. Мәселен, кореялықтың алда кетіп бара жатқанын жігіттер көпке дейін білген жоқ. Десе де, жеңіске жеткен соң бәрі де ұмтылады», - дейді бас бапкер.