«Астана» велоклубы Алексей Луценкомен келісімшартты ұзартты
Астана Президенттік кәсіпқой спорт клубының құрамына кіретін «Астана» велокомандасы Алексей Луценкомен келісімшартты ұзартты. Осылайша Қазақстан чемпионы Еуропаның ең үздік велоклубтарының бірінде кем дегенде 2020 жылдың соңына дейін өнер көрсетеді.
Алексей Луценко «Астананың» намысын сонау 2013 жылдан бері қорғап жүр. 2012 жылы жастар арасындағы әлем чемпионы атанғаннан кейін бірден «Астана» сапына іліккен. Содан бері, міне, алтыншы жыл. Алексей осы аралықта біраз жарыстарда топ жарып, көптеген көпкүндіктерде үздіктер қатарынан көрінді.
- Басшылықтың маған ұсыныс жасағанына қуаныштымын. Ұлттық жобамыздың мүшесі болып қала беретініме бақыттымын. Алдағы маусымдарда алдыма қойып отырған мақсаттарым асқақ. Бәріне де «Астанамен» бірге қол жеткізуге тырысамын. Мен бұл командада әлі де кәсіпқой ретінде шыңдала түсемін, - деп ағынан жарылды Луценконың өзі.
Жалпы, 25 жасар Луценко биылғы маусымда Қазақстан чемпионы атанып қана қоймай, «Оман турында» жеңімпаз атанып, «Аустрия турының» бір кезеңінде топ жарған. Сонымен қатар, «Джиро д’Италия» көпкүндігінде команда капитаны Мигель Анхель Лопестің үздік үштіктен көрінуіне орасан үлес қосты.
- Жетістіктері жетерлік. Бірақ, біз үшін Алексей әлі де болашағынан мол үміт күттіретін дарынды шабандоз. Алар асуы әлі алда. Оған үлкен сенім артып отырмыз. Әлі де жас. «Астананың» да мақсаты осы, яғни әлемге қазақстандық таланттарды көптеп таныта түсу. Биыл ол өзінің үлкен жарыстарға дайын екендігін көрсетті. Ал алдағы уақытта Луценко ірі додаларда топ жаратын жағдайға ие болады, - деді «Астананың» бас менеджері Александр Винокуров.