«Астана» велоклубы «Сан-Себастьян классикасына» қатысады 02.08.2018
Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубының құрамына кіретін «Астана» велоклубы тамыздың 4-і күні Испанияда өтетін «Сан-Себастьян классикасына» қатысады.
Баск елдерінің аумағында өтетін бір күндік бұл жарыс сонау 1981 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. 2010 жылы дәл осы жарыста «Астананың» қазіргі велошабандозы Луис Леон Санчес топ жарған. Сол жылы екінші орынды Александр Винокуров иеленген. Сондай-ақ, 2006 жылы Андрей Кашечкин «Сан-Себастьян классикасында» үздік үштіктен көрінген.
Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, биыл жарыстың ұзақтығы 228,7 шақырымды құрауы тиіс. Әлбетте, бұл 25 тамыз бен 16 қыркүйек аралығында өтетін «Вуэльта» көпкүндігінің қарсаңындағы басты дайындық болмас. Әйтсе де, шабандоздар үшін Испаниямен танысудың алғы қадамдары іспеттес болатыны анық. Оның үстіне, «Астана» бұл бәйгеге «Вуэльтадағы» капитаны Мигель Анхель Лопесті де қосып отыр. Сонымен қатар, команда сапында екі қазақ Бақтияр Қожатаев пен Никита Стальнов та бар.
«Астананың» «Сан-Себастьян» классикасына қатысатын құрамы
Пельо Бильбао (Испания), Дарио Катальдо (Италия), Омар Фраиле (Испания), Ян Хирт (Чехия), Бақтияр Қожатаев (Қазақстан), Мигель Анхель Лопес (Испания), Никита Стальнов (Қазақстан).