Дмитрий Фофонов: Алғаш рет қатарынан екі кезеңде жеңіске жетіп отырмыз
Әйгілі «Тур де Франс» көпкүндігінің 105-ші жарысы аяқталды. «Астана» Президенттік клубына қарасты «Астана» велоклубы бұл доданы екі жеңіспен аяқтады.
Велотурнирлердің төресі «Тур де Франс» турниріне биыл ығай мен сығайлардың бәрі қатысты. Бәсекелестіктің өте жоғары болатыны алғашқы кезеңнен-ақ белгілі болған еді. Жалпы есепте, өкінішке қарай, үздіктер қатарынан көріне алмағанымызбен «Астананың» екі велошабандозы жарыстың екі кезеңінде жеңімпаз атанды. 14-ші кезеңде испаниялық Омар Фраиле шашасына шаң жұқтырмай, жеңісін Денис Теннің құрметіне арнаса, іле-шала 15-ші кезеңде даниялық легионеріміз Магнус Корт топ жарды. Иә, «Тур де Франс» секілді әлемдік алпауыт жарыста қатарынан екі кезеңде топ жару былай тұрсын, екі турда атой салу еш команда үшін де оңай емес.
Ал кеше «Тур де Франстың» соңғы кезеңі өтіп, пелетон Елисей алаңына жетіп тоқтады. Жарыстың алдында «Астананың» спорт директоры Дмитрий Фофоновпен сөйлескенбіз.
- Соңғы кезеңде жеңіске жетуге тырысамыз. Магнус Кортты көшбасшы етіп тағайындадық. Бүгін жігіттер Магнусқа көмектеседі. Бәрі сәтті аяқталады деп үміттенеміз, - деген болатын.
Алайда, жарыстың соңғы кезеңін жеңгісі келетіндер өте көп. Мұны да жанкүйерлер жақсы түсінуі тиіс. Жалпы есептегі көшбасшылардан басқа шабандоздардың бәрі соңына дейін бір-біріне дес бермей, тайталасты. Магнус Корт мәре сызығын бас пелетонмен қатар қиғанына қарамастан жеңіске норвегиялық Александр Кристофф жеңіске жетті. Ал көпкүндіктің жеңімпазы болып, британиялық Герант Томас танылса, голландиялық Том Дюмолин екінші орынды иемденіп, тағы бір британиялық Крис Фрум үздік үштіктен көрінді. «Астананың» капитаны Якоб Фульсанг биылғы жарысты 12-ші орынмен қорытындылады.
Жарыстың соңында «Тур де Франсты» қорытындылап беруін сұрап, тағы да спорт директоры Дмитрий Фофоновқа жүгіндік.
- Биылғы «Тур де Франста» екі кезеңнің жеңімпазы атандық. Жаман емес, әрине. Алайда, әттеген-ай дейтін тұстарымыз да аз болған жоқ. Нақтысын айтқанда, жалпы есепте үздіктер қатарынан көріне алмағанымыз өкінішті. Дегенмен, биылғы көпкүндікке әлемнің барлық мықтылары қатысқанын айта кеткеніміз жөн. Бәсекелестік өте жоғары болды. Біраз жігіттердің жолы болып, біразына сәттілік жетіспеді, - деді Фофонов.
Енді алда «Астананы» тағы бір ірі жарыс «Вуэльта» көпкүндігі күтіп тұр. Испания жерінде өтетін бұл жарыс биыл 25 тамызда басталып, 16 қыркүйекте мәресіне жетеді.