Дмитрий Фофонов: «Тур де Франс» додасында алдымызға үлкен мақсаттар қойдық

Дмитрий Фофонов: «Тур де Франс» додасында алдымызға үлкен мақсаттар қойдық

Бүгін, яғни, шілденің 7-сі күні Францияда әлемдегі ең әйгілі веложарыс «Тур де Франс» додасы басталады. «Астана» Президенттік клубының баспасөз қызметіне сұқбат берген «Астана» велокомандасының спорттық директоры Дмитрий Фофонов осы жарысқа байланысты өз пікірін білдірді.

- «Тур де Франс» жарысына спортшыларды таңдау қаншалықты қиын болды?

- Негізі, еш қиын болған жоқ. Біз мұндай ірі додаларға жоспарды маусым басында-ақ жасап қоямыз. Жыл басында-ақ «Тур де Франс» жарысына қатысатын 10-12 шабандозды белгілеп қоямыз да, жарты жыл бойы олардың жағдайларын бақылаймыз. Әркімнің өз рөлі бар. Солардың арасынан жарысқа қатысатын жігіттерді анықтаймыз.

- Ал таңдау барысында қандай критерийлерге жүгіндіңіздер?

- Жарыстың трассасына үлкен мән береміз. Өйткені, әр «Тур де Франс» әртүрлі. Ұйымдастырушылар жыл сайын жарысты спектакльге айналдыруға тырысып жатады. Биылғы додада пелетон Францияның солтүстік бөлігіне кіреді. Ол жақта жел. Оның үстіне жоталы жолдар көп. Командалық жарысты көреміз. Сондай-ақ, тастақ жол да кездеседі. Жарыстың екінші жартысында қысқа болса да, қатал, таулы жолдар күтіп тұр. Осының барлығын ескере келе «Тур де Франста» сенімді ақтайды деген жігіттерді таңдадық. Олар тек өздері үшін ғана емес, командасы мен капитаны үшін де жауапты.

- Ал Якоб Фульсанг қазір қаншалықты бабында?

- Швейцария турында Фульсанг жалпы есепте 2-ші орыннан көрінді. Сол додада жеке жарысты жақсы өткізіп, «Тур де Франс» сынды ірі бәйгеге дайын екендігін көрсетті. Якобтан бөлек, жеке жарысты Танел Кангерт пен Дмитрий Груздев те жақсы өткізіп жүр. Екеуі де жоғары жетістікке жетуге құлшынып отыр.

- Дмитрий Груздевтің командадағы рөлі қандай?

- Ірі денелі Дмитрийден таулы жарыстардан аса жоғары нәтиже күтпейміз. Ол жазық жолда жақсы жарысады. Бұдан бөлек, Груздев жеке жарыста да мықты. Әрдайым «Париж-Рубэ» жарысына қатысып тұрады. Оның тастақ жолдағы тәжірибесі командаға көмек болуы тиіс.

- Ал жалпы «Астананың» биылғы «Тур де Франстағы» мақсаты қандай?

- Бұл «Тур де Франста» бізде бір ғана капитан бар. Якоб Фульсанг қазір нағыз бабында. Карьерасының пісіп, жетілген сәті. Әлбетте біз оған үлкен үміт артамыз. Жеңіс тұғырынан көрінуді жоспарлаймыз.

«Астананың» биылғы «Тур де Франстағы»-құрамы: Магнус Корт, Дмитрий Груздев, Якоб Фульсанг, Омар Фраиле, Танел Кангерт, Йеспер Хансен, Луис Леон Санчес және Михаэль Вальгрен.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или