Никита Стальнов: Енді бізді Азия ойындары күтіп тұр
Алматыда тас жолдағы велоспорттан Қазақстан Республикасының Ұлттық чемпионаты өз мәресіне жетті. Велобәйгенің соңғы күні топтық жарысқа таңдаулы ерлер қатысты. Жеңіс үшін күрес 30 градус ыстық ауа-райында өтіп, жарыс жолының ұзақтығы 174 шақырымды құрады, деп жазады ҰОК баспасөз қызметі.
Биылғы жылы ел біріншілігінің алтын жүлдесін «Astana Pro Team» командасының шабандозы Алексей Луценко иемденді. Солтүстік Қазақстан облысының велесебедшісі екінші айналымда шабуылға шығып, көшбасшылығын мәреге дейін сақтап қалды. Ол жарыс жолын 4 сағат 11 секунд уақытта жүріп өтті.
«Астана» командасының тағы бір шабандозы алматылық<span> </span>Никита Стальнов<span> </span>көшбасшыға 15 секунд уақыт ұтылып, 2-орынды иемденді.
«Жарыс жылдам өтті, - дейді Никита Стальнов. – Қосымша қиындықтар туғызу үшін ауа-райы ыстық болғанын қаладым. Жалпы ауа-райы тамаша болды. Мен қазір бабымдамын. Сондықтан осындай ауа-райы маған ыңғайлы болды. Велобәйге соңына қарай жаңбыр жауып, үстіміз су болғанына қарамастан сергіп қалдық.
Тактикалық жағынан жоспарымыздың барлығы орындалды. Әр шабандоз өзі үшін, өзінің облысы үшін жүргенімен, алайда біз - «Astana Pro Team» бір командамыз. Жарыс жолында бірге жүріп, Ұлттық чемпионның жейдесі біздің командада қалуы тиіс. Біз тіл табысып, күш біріктірдік. Өзімнің көрсеткен нәтижеме көңілім толады. Алдағы уақытта үлкен бастамалар – Азия ойындары, «Испания Вуэльтасы» және Әлем чемпионаты күтіп тұр. Айтпақшы, биылғы Әлем чемпионаты өте қиын тау жолында өтпекші. Бүгіннен кейін шағын демалыс алып, «Испания Вуэльтасы» мен Әлем чемпионатына дайындықты бастаймын.
Былтырғы жылы топтық жарыста Ұлттық чемпионның ақ жейдесін иемденген<span> </span>Артем Захаров<span> </span>биыл көшбасшыға 1 минут 31 секунд уақыт ұтылып, 3-орынды иемденді.
«Күн ыстық болып, жарыс қиынға соқты. Сондықтан 2-3 айналымнан кейін су жетпегендіктен қалтырай бастадым, - деді Артем Захаров. Биылғы жылы жарыс жолына екі асу қосылған. Сондықтан да биылғы жыл былтырғыға қарағанда қиындау өтті. Алайда аптап ыстық біраз шабандоздарды әлсіретті. Сондықтан осындай ауа-райы маған сәл басымдылық сыйлады».
Естеріңізге сала кетсек, тас жолдағы велоспорттан Қазақстан Республикасының Ұлттық чемпионаты 27-маусым – 1-шілде аралығында Алматы қаласындағы Индустриалды аймақта өтті. Еліміздің басты біріншілігі 3 жыл қатарынан өтуде. Сонымен қатар осы аймақта «Тур Алматы» велобәйгесінің жарыс жолы да өтеді.