Бақтияр Қожатаев: «Астана» Президенттік клубына ең үздік спорттық құрамалар жиналған

Бақтияр Қожатаев: «Астана» Президенттік клубына ең үздік спорттық құрамалар жиналған

Командалық жарыстағы 2017 жылғы Азия чемпионы «астаналық» Бақтияр Қожатаев жақында Қазақстан чемпионатына қатысу үшін Еуропадан Алматыға ұшып келді. «Астана» Президенттік клубына сұхбат берген Қожатаев 1 шілде күні өтетін ел чемпионатының топтық кезеңінен не күтетінін айтып беріп, велоспорттағы карьерасына тоқталды.

– Мен үшін Қазақстан чемпионатына қатысудың маңызы зор, - дейді 26 жасар Қожатаев. – Бұл біздің еліміздегі ең маңызды веложарыс. Өткен жылы «Тур де Франсқа» қатысқандықтан ұлттық чемпионатта бағымды сынай алмадым. Осы жылы өз деңгейімді көрсеткім келеді. Бірақ, бәсекелестік өте жоғары екенін түсінемін. Өйткені, Дмитрий Груздевтен бөлек, «Астананың» барлық шабандозы Алматыда жүр. Бізден бөлек, құрлықтық командалардың да велошабандоздары жеңімпаз атануға тырысатыны анық.

– Жарыс трассасының ерекшелігі жайлы не айтасыз?

– Трасса ауыр. Бірде төмен құлдилап, бірде жоғары өрлеуіңе тура келеді. Оның үстіне, күн ыстық. Бәріне де ауыр болады.

– Топтық кезең алдында қаншалықты бабыңыздасыз?

– Жақында «Критериум Дю Дофине» және «Окситания» турларына қатысып қайттым. Одан кейін он күнде бабымды сақтап, ауыр және ұзақ жаттығулар жасаған жоқпын. Сондықтан, чемпионатқа тың болып келіп тұрмын. Бабымдамын деп ойлаймын.

– Жалпы, Петропавлдың тумасысыз. Сіздің аймағыңызда баскетбол қаншалықты дамып жатыр? 

– Петропавл – спортшылардың ұстаханасы ғой. Мұнда спорт мектебі жақсы дамыған. Александр Винокуров, Алексей Луценко сынды таланттар шыққан. Бүгінде қызылжарлық жаттықтырушылар тынбай еңбектенуде. Сондықтан, жақын уақытта жаңа жұлдыздарды да көріп қалуларыңыз ғажап емес.

– Өзіңіз велоспортқа қалай келдіңіз?

– 2003 жыл болатын. Төртінші сыныпта оқып жүрген кезім. Қалада велоспорт үйірмесі бар екенін, онда тегін велосипед үлестіріп жатқанын сыныптастарымнан естіп қалдым да, мен де велосипед тепкім келіп, сонда бардым. Бірақ, өтірік әңгіме екен. Сосын күзде біздің мектепке велоспорт үйірмесінің жаттықтырушылары келіп, іріктеу жүргізе бастады. Мен де арасында болдым. Ілігіп кеттім. Алғашқы жаттықтырушым – Петр Николаевич Нетесов. Алайда, бірден велосипед бере қойған жоқ. Ол үшін жаттығуларда жақсы жағыңнан көрінуің керек екен. Екі жылдай тер төгу қажет болды. Содан кейін жаттығуға толығымен кірісу керектігін түсіндім. Алдыма мақсат қоя бастадым. Әлбетте, оңай болған жоқ. Алайда, ақыры арманыма жетіп, «Астана» сапынан орын алдым. Ал кумирім – Александр Винокуров. Кішкентай кезімнен теледидардан көріп өстім. Қазір ол біздің менеджеріміз. Менің басты қолдаушым. Көмегін аямайды.

- «Астана» велоклубы «Астана» Президенттік клубының құрамына кіреді. Осы «Астана» ПК құрамындағы басқа командалармен қарым-қатынастарыңыз туралы айтып берсеңіз.

- Бұл алпауыт жоба ғой. Қазақстандағы барлық ірі спорттық құрамалардың бәрі де осында. Испаниядағы «Реал» мен «Барселона» сияқты. Желтоқсан айында «Астана» баскетбол клубының таныстырылымында болып, шоуларына қатыстық. Өте қызық болды. Сол кезде біз тек бір ғана клубтың намысын емес, бүкіл Қазақстанның абыройын арқалап жүргенімізді сезіндім. Одан бөлек, жейделеріміз де ұқсас. Сол арқылы білуге болады. Жалпы, клуб бұдан әрі де дами түсіп, нәтижесінде балалар-жасөспірімдер спорт мектептері академиялар қаптап ашылып, әлемдік жұлдыздар көптеп шыға бастайды деп үміттенемін.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или