Еліміздің үздік велешабондаздары Қазақстан чемпионатына қатысады
26 маусым күні жылдың спорттық күнтізбесіндегі ең айтулы дода – велоспорттан Қазақстан Республикасының Ұлттық біріншілігі өтеді.
Биылғы чемпионат бұрынғыдан өзгерек болмақ. Жарысты ұйымдастырушылар біріншілік аясын кеңейтіп, көрерменге де қызықты болудың жолын ойластырды. Велоспортшылар жарысы жылдағы дәстүр бойынша индустриялық аймақ территориясында өтеді. Алайда, қатысушы спортшылар құрамы нығайғаны сөзсіз. Ұлттық чемпионаттың ақ жейдесін киюге «Astana» командасының «қазақ» құрамы түгелдей таласпақшы. Олардың қатарында Алексей Луценко, Жандос Бижігітов, Андрей Зейц, Бахтияр Қожатаев, Даниил Фоминых, Никита Стальнов, Руслан Тілеубаев, Артем Захаров және Евгений Гидич пен ұлттық құраманың өзге де мүшелері бар.
«Биылғы чемпионатқа еліміздегі танымал велоспортшылардан тек Дмитрий Груздев қана қатыспайды. Ол «Тур де Франс» көпкүндігіне дайындалып жатыр. Ал басқа жұлдыздардың барлығы да жарысқа дайын. Біріншілікке келер болсақ, биыл біз тас жолды әлдеқайда қиындаттық. Рельефтер былтырғыға қарағанда ауырлау. Бұл жолы биік дөңдерді де көбейттік. Жарыс кезінде велоспортшылардың биікке қарай өрлейтін сәті көп болмақ. Мұның бәрі жарыстың көрермен арасындағы қызығушылығын арттырып, чемпионаттағы бәсекелестікті жоғарылату үшін жасалған», - дейді жарыс директоры, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы Сергей Бредихин.
Чемпионаттың ресми түрде ашылуы 26 маусымда өтеді, ал келесі күні қатысушылар жекелей сындағы чемпионды анықтайды. Қалған кезеңдерде командалық және жұптасып командалық жарысудан, сондай-ақ, топтық жарыстан жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімі белгілі болады.