Әлем футболы

Кариус «Реалға» Чемпиондар лигасында жеңіс сыйлады

Кариус «Реалға» Чемпиондар лигасында жеңіс сыйлады
news-banner7
mobile-news-top

Футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының осы маусымдағы жеңімпазы анықталды.

Киев төрінде ағылшынның «Ливерпулі» мен испанның «Реал Мадриді» жолыққан. Мадридтік команда қатарынан үшінші маусым кәрі құрлықтың басты додасында финалға шығып тұрса, «Ливерпуль» үшін бұл соңғы 11 жылдағы алғашқы осындай жетістік.

Бірінші таймда командалар сақ ойнап, ашыла қойған жоқ. Сондықтан, үзіліске дейін қауіпті шабуылдар аз болды. Бірақ бірінші таймның басты оқиғасы деп «Ливерпульдің» жетекші ойыншысы Мохамед Салахтың күтпеген жерден жарақат алуын айтуға болатын шығар. Көп ұзамай «Реал» да бір ойыншысынан айырылды. Дани Карвахаль жарақат алып, ойынды ерте аяқтады. Қос футболшы да алаңнан жылап кетті.

Қызықтың бәрі үзілістен кейін болды. 51-минутта қақпашы Лорис Кариустың өрескел қателігінен кейін Карим Бензема есеп ашты. Бірақ төрт минуттан соң Садио Мане таразы басын теңестірген. Ал 64-минутта Марселоның қапталдан асырған пасынан соң Гарет Бэйл қайшылай соққы жасап, «Реал» тағы да алға шықты. Бұл голмен мадридтік команда тоқтап қалған жоқ. 83-минутта Бэйлдің алыстан жасаған соққысын Кариус ұстап тұрып, жіберіп алды. Қорытынды есеп – 3:1. «Реал» қатарынан үшінші жыл Чемпиондар лигасын жеңіп алды.

«Реал Мадрид» - «Ливерпуль» 3:1 (0:0)

Голдар: 1:0 – Бензема 51, 1:1 – Мане 55, 2:1 – Бэйл 64, 3:1 – Бэйл 83

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер