Сүлейменов: Команда құрамында өзгерістер болуы мүмкін
Футзалдан Қазақстан чемпионатының финалына шыққан «Қайрат» пен «Ақтөбе» командалары Алматыда екі кездесу өткізіп, екеуінде де жергілікті футзалшылар жеңіске жеткен еді.
6 сәуір өткен екінші ойын алматылық команданың бас бапкері Какау үшін қоштасу матчы болды. Аталған ойын 5:2 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілген болатын. Осы кездесуден кейін «Қайрат» командасының капитаны Дінмұхамед Сүлейменов prosports.kz сайтының тілшісіне алдағы ойындар жайлы айтып берді.
- Сырт алаңда«Ақтөбемен» өтетін екі ойын жайлы не айтасыз?
- Біріншіден, «Ақтөбенің» жанкүйерлері өте мықты. Командаға жақсы қолдау көрсете біледі. Футболда жанкүйерлерді 12-ші ойыншы десек, футзалда 6-шы ойыншы деуге әбден болады. Ал екіншіден, Ақтөбе қаласында өткен әр ойын біз үшін оңай болмайды. Осының алдында Ақтөбеде тең түскен кезіміз де болған.
Оның үстіне бұл ойын финалдық кездесу болғандықтан тартыс бұрынғыдан да жоғары болады деп ойлаймын. Бірақ, біз бар күшімізді салып, тек жеңіс үшін ойнайтын боламыз.
- Бас бапкерлеріңіз Какау мырза клубтан кетіп барады.
- Мен Какауды алдымен ойыншы ретінде, кейін бапкер ретінде білемін. Өзі доп теуіп жүрген кезде өте мықты ойыншы болатын. Ал бапкер ретінде өзін тіпті биік белестен көрсетті. «Қайратта» ең жемісті еңбек еткен бапкер ретінде тарихта қалды.
Бұл шешім клуб үшін де, Какау үшін де оңай болмайтын шығар деп ойлаймын. Екінші жағынан, командаға өзгерістер енгізу үшін осылай істеген де оң шығар.
- Какаудың кетуімен командада қандай өзгерістер болуы мүмкін?
- Ол жайлы қазір ештеңе білмеймін. Жаңа бапкер келіп жатыр. Әр бапкердің өз ұстанымы бар. Мүмкін ойыншылар құрамында өзгерістер болатын шығар. 30-40% ойыншы ауысуы мүмкін.
- Жаңа бапкер Кака жайлы не айтасыз?
- «Югра» командасы Ресей чемпионатында өте жоғары деңгейде өнер көрсетеді. UEFA кубогын жеңіп алды. Менің ойымша, бұл бапкер біздің команданы да жаңа белеске көтере алады.
- Ұлттық құрама сапында қашанға дейін өнер көрсетуді жоспарлап жүрсіз?
- Ұлттық құрамаға шақырса әрқашан да дайынмын. Жарақаттан аман болып, бәрі ойдағыдай болса кезекті Әлем чемпионатына қатыссам деймін.
- Сұқбат бергеніңізге рақмет!