Какауды Кака алмастыра ма?
Алматылық «Қайрат» футзал клубы өзіне жаңа бас бапкер тапқанға ұқсайды.
Prosports.kz тілшісіне белгілі болғандай алматылық командаға жақын уақытта жалпақ жұртқа Кака есімімен танылған Паулу Рикарду Фигейра Силва келмек.
Какау командадан кететіндігі белгілі болған соң «Қайрат» клубы өзіне жаңа бапкер іздеп бастаған. Үміткерлер қатарында алты маманның есімі аталған. Олардың екеуі Ресейден, екеуі Бразилиядан, екеуі Испаниядан.
Солардың ішінде «Қайрат» клубының жаңа бапкері атану мүмкіндігі бүгінде «Газпром-Югра» командасының тізгінін ұстаған Какада жоғары болып тұр.
41 жасар маман ресейлік командамен 2016 жылы УЕФА Кубогында топ жарған.
Каканың спорттық мансабы өз отанындағы «Пердигао» клубында басталған. Тағы үш бразилиялық клубты алмастырған Кака испандық «Барселона» клубымен келісімге отырған. 2004 жылы Паулу Рикарду «Спартак-Щелково» клубына ауысты. Ол клуб қатарында 183 ойын өткізіп 140 голдың авторы атанды. Кейін тағы да мәскеулік ЦСКА және «Динамо-Ямал» командаларының намысын қорғады.
Кака 2010 жылы «Нефтчи» командасының тізгінін ұстады. Араға екі жыл салып Әзірбайжан елінің азаматтығын алып сол елдің намысын қорғай бастады. Дәл сол шақта ол «Газпром-Югра» командасына бапкері атанды. Енді бразилиялық Қазақстанға келіп алматылық «Қайрат» командасының тізгінін ұстамақшы.
Естеріңізде болса алматылық команданың қазіргі бапкері Какау маусым соңында командадан кететіндігін айтқан. Бразилиялық бапкермен «Қайрат» УЕФА Кубогында екі рет топ жарып, Еременко Кубогында үш рет жеңімпаз атанған. Сондай-ақ Қазақстан чемпионатында бес рет чемпион атанды.
Ертең ресми түрде алматылық командаға Каканың келетіндігі мәлім болады деп күтілуде.