Роналду – дубль, Мане – хет-трик
Сәрсенбіде УЕФА Чемпиондар лигасы 1/8 финалының кезекті екі матчы өтті.
Португалияда «Порту» ағылшынның «Ливерпуль» клубын қабылдаған. 25-ші минутта Садио Мане есеп ашса, араға төрт минут салып, Мохаммед Салах есепті еселеді.
Үзілістен кейін «Портудың» қақпасына тағы үш гол соғылды. Алдымен Фирминьоның пасынан кейін Мане тағы бір гол соққан. Артынша, Фирминьоның өзі қанжығасын майлады. Ал кездесудің нүктесін Маненің өзі қойды – 5:0. «Мерсисайдтықтар» ширек финалға бір табан жақын.
Ал 1/8 финалының басты теке-тіресі испаниялық «Реал Мадрид» пен франциялық ПСЖ арасында болған. Алғашқы кездесу Мадридте өтті. Бұл кездесуде де есепті қонақтар ашты. 33-минутта Рабьо айып алаңында қараусыз қалып, дәл соққы жасады. Ал тайм аяқталар тұста алаң иелері пенальти тебуге мүмкіндік алып, Криштиану Роналду мүлт кетпеді – 1:1.
Кездесудің соңына дейін бұл есеп өзгерген жоқ. Тек 83-минутта қақпашы допты сәтсіз тоқтатып, Роналду мұны сәтті пайдалана алды – 2:1. Үш минуттан соң Асенсио мен Марсело әдемі комбинация ұйымдастырып, бразилиялық қорғаушы командасының үшінші голын соқты – 3:1.
Бұл жұптың тағдыры толық шешілді деуге келмес. Ширек финалға кімнің шығатыны Парижде шешіледі. Ал қарымта кездесулер 6 наурызда өтеді.