Иван Маевский: ОЖЖ-дағы соңғы кездесуде жеңіске жеткенімізге қуаныштымын
«Астана» футбол клубы Біріккен Араб Әмірлігіндегі екінші оқу-жаттығу жиынындағы соңғы кездесуін Қытайдың төрт дүркін чемпиондары «Шаньдун» командасына қарсы өткізіп, 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Ойын соңында елордалық команданың жартылай қорғаушысы Иван Маевский клубтың баспасөз қызметіне кездесу туралы өз пікірімен бөлісті:
- Оқу-жаттығу жиыны аясындағы соңғы кездесуде жеңіске жеткенімізге қуаныштымын. Бүгінгі кездесуге қойған басты мақсатымыз ойын тәжірибесін жинақтау және кездесуді жарақатсыз өткізу болатын. Сол мақсатымызға жеттік деген ойдамын. Дегенмен, бүгінгі ойынның нәтижесіне ас бір мән берудің қажеті жоқ деп есептеймін. Бұл алдағы «Спортингке» қарсы маңызды ойынға дайындық ретінде өткен ойын. Ол ойынға да аз ғана уақыт қалды. Біз осы аралықта тынымсыз еңбек етіп, қателіктерден сабақ шығаруымыз керек.
- Жалпы БАӘ-де өткен оқу-жаттығу жиынына қандай баға бересіз?
- Кез-келген қарсылас мықты. Осы оқу-жаттығу жиыны аясында өткізген ешбір ойын оңай болған жоқ. Бапкерлер құрамы команда сапындағы барлық ойыншыларға алаңға шығуға мүмкіндік берді. Футболшылар өздеріне қажетті ойын тәжірибесін жинақтай алды деп ойлаймын. Ал жалпы оқу-жаттығу жиыны айтар болсам, бізге Дубайда жоғары деңгейде дайындық жұмыстарын жүргізуге керемет мүмкіндік болды. Команда маусымға тыңғылықты дайындалды.