Жаманқұлов: Бірінші матчты ұтпасақ қиын болады
Футзалдан Қазақстан құрамасы мен «Қайрат» клубының шабуылшысы Серік Жаманқұлов Prosports.kz тілшісіне Еуропа чемпионатына дайындық жайлы айтып берді.
2016 жылы өткен Еуропа біріншілігінде Қазақстан құрамасы қола жүлдеге ие болып, Ұлттық құраманың шабуылшысы Серік Жаманқұлов 6 голмен сұрмергендер тізімінде үздіктердің қатарынан көрінген.
- Қазақстан құрамасының Еуропа чемпионатына дайындығы қалай?
- Дайындығымыз бір қалыпты. Алдымен Алматы қаласында жаттығу жиынын өткіздік. Артынша Киев қаласында жаттығып, Украина құрамасына қарсы жолдастық кездесу өткіздік. Жаттығу жиыны бапкердің көңілінен шықты. Жалпы, дайындығымыз әлі жалғасып жатыр. 1 ақпан күні ойынға баппен шығамыз.
- Топтағы ең қиын кездесу қай құрамаға қарсы болмақ?
- Польшаға қарсы матч қиын болады, меніңше.

- Қазақстан құрамасы екі жыл бұрынғы тарихи нәтижені қайталай ала ма?
- Алдын ала болжап айта алмайды. Бірақ сол нәтижеден кем түспеуге тырысамыз. Кем дегенде сол жетістікті қайталау керекпіз.
- 2016 жылғы Еуропа чемпионатында 6 гол соғып, чемпионаттың үздік сұрмергендерінің бірі болдыңыз. Бұл жолы үздік сұрмерген атануға тырысасыз ба?
- Әрине, Ұлттық құрамаға барынша көмектесіп, сұрмерген атануға тырысамын.
- Ұлттық құраманың бас бапкері Какау құрама алдына қандай мақсат қойып отыр?
- Ең басты және кез келген турнирде қойылатын мақсат – бірінші ойында жеңіске жету. Алғашқы ойында ұтсақ, ары қарай ойдағыдай болады. Одан кейін әрбір кездесуде жеңіске жету керек. Маңыздысы – алғашқы ойын. Бірінші матчты жеңбей ары қарай турнирді ойлағаннан пайда жоқ.