Валерий Прихно: Ең негізгі мақсат – талантты балаларды табу
«Ақтөбе» ФК футбол орталығының басшысы Валерий Прихно Ақтөбеде басталған «Мектеп лигасы» жайлы баяндап берді.
-Валерий Александрович, бүгін «Мектеп лигасының» ресми ашылуы болды. Былтыр алты мектепте футбол сабағы пәні енгізілген болатын. Бұл жоба жайлы сіздің пікіріңіз қандай?
-«Футбол сабағы» пәні – елімізде ашылып жатқан пилоттық жоба. Бұл керек нәрсе, себебі мектептерде футбол спорт түрі ретінде насихатталып жатыр. 1-4 сыныпта оқитын балалар футбол арқылы өздерінің денсаулықтарын жақсарта алады. Ең негізгі мақсат – талантты балаларды мамандандырылған футбол мектептеріне тарту.
-Бұл жағдайда ойын нәтижелерінің маңызы қандай болмақ?
-Бізде нәтижені бірінші орынға қоймаймыз. Ең бастысы – балаларға техникалық әрекетті, қозғалуды, қарапайым тактикалық қимылдарды дұрыс үйрету. Бұл кезеңде балалар футболдың қарапайым қимылдарын үйренеді, содан кейін дайындықтың басқа кезеңіне көшеді. Осы балалардан бір-екеуі кәсіпқой футболда қалуы мүмкін. Алғашқы кезеңде жеті мектеп пен «Ақтөбе» ФК футбол орталығы, ОБЖОРМ және Орталық стадионның футбол бөлімі бақ сынап жатыр. Біздің мамандандырылған футбол мектептерімізді көріп, басқа да орта білім беретін мектеп балалары өсуге талпынатын болады. Бүкіл қала мектептеріне аталған жобаны енгізу жоспарда бар. Сол кезде ол мектептер өз беттерінше ойнайтын болады. Мектептерді бәріне ыңғайлы болу үшін аймақ-аймаққа бөліп тастаймыз.Лигада 1-4 сынып оқушылары ойнайды. 12 жастан кейін жарыстарға қатыса бастайды. Мектепте футбол сабағын үйреніп, аптасына бір рет тәжірибе жүзінде ойын өткізіліп тұрады. Әр турға футбол орталығының, ОБЖОРМ мектебінің бапкерлері келіп, лайықтыларын іріктеп алып отырады. Бәрі қатарласа жүріп отырады.