Футзалдан Еуропа чемпионатының тарихы
Ертең Словенияның Любляна қаласында футзалдан Еуропа чемпионаты басталады. Кәрі құрлықтың үздік командалары қатарында Қазақстан да бар. Дүбірлі дода алдында біз әр жылдары Еуропа чемпионатында топ жарған құрамалар жайында сөз қозғамақпыз.
ЕУРО-1996. Испания алғашқы чемпион

Өткен ғасырдың соңына қарай футзал ойыны кең етек жая бастады. Сол себеті УЕФА ұйымы сынақ ретінде алғашқы Еуропа чемпионатын ұйымдастыру туралы шешім қабылдады.
Жарыс Испанияның Кордова қаласында өтті. А тобында сынға түскен испаниялықтар Бельгияны жеңіп, Голландиямен тең түсіп топтан бірінші орынмен шықты. Бұл топта екінші орын Голландияны жеңген Бельгияға бұйырды.
В тобында Ресей құрамасы қарсылас шыдатпады. Дәлірек айтсақ Украинаны (3:2), Италияны (5:1) есебімен жеңді. Украинаны жеңген Италия да топтан шықты.
Жартылай финалда Ресей Бельгияны 6:2 есебімен жеңсе, Испания Италия кездесуінде 4:1 есебі тіркелді.
Үшінші орын үшін өткен ойында Белгия Италияны жеңді. Ал финалдық ойында Висенте Мартинес соққан төрт гол Испанияны жеңімпаз қылды. Финалдық ойынның есебі 5:3.
Турнирдің үздік сұрмергені болып сегіз гол соққан Ресей құрамасының ойыншысы Константин Ерёменко атанды.
ЕУРО-1999. Алғашқы ресми Еуропа чемпионатында Ресей топ жарды

УЕФА ұйымы дәл осы жылы алғашқы ресми Еуропа чемпионатын өткізді.
Испанияның Гранада қаласы ресми өткен алғашқы Еуропа чемпионатын қабылдады. Турнирге сегіз команда қатысты.
А тобында Испаниямен қатар Голландия, Хорватия және Югославия құрамалары болды. Бұл төрттіктен Испания бірінші орынмен, Голландия екінші орынмен жартылай финалға жолдама алды.
Ал В тобын Ресей, Италия, Португалия және Бельгия құрамалары құраған еді. Ресей топтағы үш ойында да жеңіске жетті. Италия құрамасы да бұл топтан жартылай финалға жолдама алды.
Жартылай финалда Испания Италияны, Ресей Голландияны жеңіп финалға жолдама алды. Ең алғашқы ресми Еуропа чемпионатының жеңімпазы ойын соңындағы пенальтиде белгілі болды. Ресей құрамасының қақпашысы Олег Денисов испаниялықтардың екі соққысын қайтарса, Константин Еременко бастаған Ресей құрамасының төрт ойынышысы да нүктеден мүлт кетпеді.
Ресей құрамасының даңқты ойыншысы Константин Ерёменко чемпиондық атақпен қоса үздік сұрмерген атағын да еншілеп қайтты. Ол турнир барысында он бір гол соққан еді.
ЕУРО-2001. Испаниялықтар Ресейден есесін қайтарды

Бұл жолғы футзалдан Еуропа чемпионатын Мәскеу қаласы қабылдаған. Финалдық кезеңге әдеттегідей сегіз команда жолдама алды.
Испания әдетінше топтық кезеңде қарсылас шыдатпады. Хорватия, Польша және Украина құрамасы топтағы екінші орын үшін тартысып украиналықтардың мерейі үстем болды.
Ал екінші топта Италия құрамасы Ресей, Чехия және Голландия құрамасын жеңіп топтан бірінші орынмен шықты. Ресей өз жеріндегі Еуропа чемпионатында тобынан екінші орынмен шықты.
Жартылай финалда Испания мен Ресей құрамасы арасында аса тартысты ойын өтіп, 2:1 есебімен испаниялықтар жеңіске жетті. Екінші жартылай финалдық ойында 3:3 есебі тіркеліп Украина құрамасы пенальтиден мықты болды.
Финалдық ойында Георгий Мельников соққан голдың арқасында Украина есепте алға шыққанымен Альберто Рикер мен Хави Санчес Испания құрамасына жеңіс алып келді. Осылайша өз жерінде өткен жарыста Ресейге титулды беріп қойған Испания құрамасы Мәскеу түбінде есесін еселеп қайтарды.
Турнирдің үздік сұрмергені атағы Украина құрамасының ойыншысы Сергей Коридзенің қанжығасында кетті. Ол турнир барысында жеті гол соққан.
ЕУРО-2003. Италия чемпиондыққа қол жеткізді

Бұл Еуропа чемпионатын Италия елі қабылдаған. Финалдық ойын жарыс қожайындары мен Украина құрамалары арасында өтті. Жартылай финалда Украина Чехияны жеңсе, Италия испандықтардың аптығын басқан еді. Турнирдің фовариттерінің бірі саналған Ресей құрамасы топтан шыға алмай қалды.
Финалдық ойында жалғыз гол соғылды. Үлкен футболда бір гол соғып алып өз қақпалары алдында жатып алатын Италия құрамасы футзалда да шебер қорғана алатындығын көрсетті. Кездесу тағдырын шешкен жалғыз голды Виничуса Бакаро соққан.
Турнирдің үздік сұрмергені атағын екінші рет қатарынан украиналық Сергей Коридзе жеңіп алды.
ЕУРО-2005. Алыптар айқасы

Футзалдан 2005 жылғы Еуропа чемпионаты Чехия елінде өтті.
А тобында жарыс қожайындарымен қатар Ресей, Украина және Голландия құрамалары болды. Бұл квартеттен Ресей бірінші, Украина екінші орынмен шықты.
В тобында Италия мен Испания қарсылас шыдатпай топтан шықты.
Жартылай финалдық кездесулерде Испания Украинаны жеңсе, Ресей Италияны жарыс жолынан шығарды. Осылайша Финалдық ойын Еуропа құрлығындағы футзалдан екі алпауыттың арасында өтті. Тартысқа толы ойында 2:1 есебі тіркеліп испаниялықтар кезекті титулына қол жеткізді.
Үздік сұрмерген атағы Италия құрамасының ойыншысы Фернандо Грананың еншісінде кетті.
ЕУРО-2007. Испания тағы үздік

Футзалдан Еуропаның үздік құрамалары Португалия жерінде жиналды. Жарысқа қатысушы үздік сегіз команда қатарында Румыния құрамасы да болды.
Көршілес елде өткен Еуропа чемпионатында тағы да Испания құрамасы топ жарды. Жартылай финалда жарыс қожайындарын жеңген испаниялықтар финалда Италияның осал тұсын тапты.
Үздік құрмергендер тізімінде бірден үш елдің спортшысы көш бастады. Олар: Даниэль(Испания), Предраг Райич(Сербия) және Сирило(Ресей)
ЕУРО-2010. Жаңа форматта өткен Еуропа біріншілігінің алтыны тағы да Испания еліне кетті

Венгрияның Будапешт және Дебрецен қалаларында өткен Еуропа чемпионаты өзгеше форматта өтті. Финалдық кезеңге сегіз емес он екі команда жолдама алды. Командалар төрт топқа бөлінде. Әр топтан екі команда ширек финалға жолдама алды.
Финалдық кездесуге Испания мен Португалия құрамалары жолдама алған болатын. 4:2 есебі тіркелген ойыннан соң Испания футзалдан Еуропаның бес дүркін чемпионы атағына ие болды.
Үшінші орын үшін таласта Чехияға есе жіберген Әзербайжан құрамасы жүлделі орынға сынық сүйем жетпей қалды.
ЕУРО-2012. Ресей тағы да Испания алдында дәрменсіздігін көрсетті

Бұл жылғы футзалдан Еуропа чемпионатын Хорватияның Загреб және Сплит қалалары қабылдады.
Хорватия жеріндегі Еуропа чемпионаты рекордтарға толы болды. Соның бірнешеуін айта кетсек:
Чехия мен Әзербайжан арасында өткен ойынның есебі сегізінше секундта ашылды. Фелипе соққан гол Еуропа чемпионаты тарихындағы ең жылдам гол ретінде тарих қойнауына енді. Дәл осы ойында 8:9 есебі тіркелген. Бұған дейін ешбір финалдық кездесуде он жеті гол соғылмаған еді. Сондай-ақ Әзербайжан құрамасының қақпасын қорғаған Андрей Тверянкин сол мезетте 44 жаста болатын. Андрей финалдық кездесулерде ойнаған ойыншылардың ең егдесі ретінде тіркелді.
Ал жарыстың өзіне келетін болсақ, финалдық кездесу Ресей мен Испания арасында өтті. Ресей құрамасы Пула соққан голдың арқасында ойын бойында 1-0 есебімен алда тұрды. Кездесу аяқталуға 34 секунд қалғанды Испания құрамасының ойыншысы Серхио Лосано есепті теңестіріп кетті. Қосымша уақытта дәл осы Серхио тағы да екі гол соғып Испанияға кезекті титулды алып келді.
Турирндің үздік сұрмергені атағын испандық Торрас жеңіп алды
ЕУРО-2014. Италия құрамасының екінші жеңісі

Төрт жыл бұрынғы Еуропа чемпионаты Бельгияның Антверпен қаласында өткен еді. Бұл біріншілік Италия құрамасының жеңісімен аяқталды. Турнирдегі алғашқы ойынында ойламаған жерден Словенияға жол берген Италия құрамасы одан кейінге ойында жинақылық танытып финалға жете алды.
Ал финалда оларға жартылай финалда Испанияны жеңген Ресей құрамасы қарсылас атанды.
Бар күшін испандықтарға қарсы ойында сарқып қойған Ресей құрамасы финалда Италияға 3:1 есебімен есе жіберді. Осылайша Италия өзінің Еуропа чемпионатындағы екінші титулына қол жеткізді.
ЕУРО-2016. Қазақстан құрамасы қатысқан алғашқы Еуропа чемпионаты

Сербияның Белград қаласында өткен футзалдан Еуропа чемпионатын қазақстандық жанкүйерлер ұмыта қоймаған болар. Бұл біздің құраманың Еуропа біріншілігінің финалдық кезеңіне алғаш қатысуымыз еді.
Ресей және Хорватия құрамаларыммен бір топқа түскен Қазақстан өз тобынан екінші орын алып, ширек финалға шыға алды. Жартылай финал жолдамасы үшін таласта біздің құрамаға екі дүркін Еуропа чемпионы Италия құрамасы қарсылас атанған. Футзал жанкүйерлері мен мамандары бұл кездесуде күні бұрын жеңісті Италияға беріп қойғанымен іс жүзінде бәрі басқаша болып шықты. Лео, Жаманқұлов, Есенаманов, Нұрғожин мергендік танытқан ойында біздің құрама азулы Италияны 5-2 есебімен жеңіп, жартылай финал жолдамасын қоржынға салды. Өкінішке орай дәл осы ойында Қазақстан құрамасының лидерлерінің бірі, қақпашы Игита екінші сары қағазын алып жартылай финалдағы Испанияға қарсы ойыннан шет қалды.
Испаниямен болған ойында біздің құрамада Игитаның орны ойсырап тұрды. Кездесуде бірінші болып есепте алға шыққанымызбен ойын испандықтардың жеңісімен аяқталды.
Екінші жартылай финалда Ресей Сербияны жеңді. Финалдық кездесуде әдетінші Ресей құрамасы испандықтар алдындағы дәрменсіздігін көрсетті.
Ал біздің құрама үшінші орын үшін өткен ойында жарыс қожайындары Сербияны жеңіп, өзі қатысқан алғашқы Еуропа біріншілігінде жүлдегер атанды. Бұрын соңды Еуропа чемпионаты тарихында турнирдің дебютанты жүлделі орынға ілініп көрмеген екен.

Енді міне Қазақстан құрамасы өзінің екінші Еуропа чемпионатына қатысқалы өтыр. Бізбен бірге бір топта Ресей және Польша құрамалары бар.
Қазақстан құрамас қатысатын Еуропа чемпионатының финалдық кездесуін қазақстандық жанкүйерлер көре алмай қалу қаупі болған еді. Жанкүйерлердің қуанышына орай бұл мәселе оң шешімін тауып Қазақстан құрамасының ойынын Хабар арнасы көрсететін болды.
Жарыс кестесі мен Қазақстан құрамасының Еуропа чемпионатындағы мүмкіндігін prosports.kz сайтына таба аласыздар.