Стоилов «Астанадан» кетіп Қазақстан құрамасының бапкері атанбақ

Стоилов «Астанадан» кетіп Қазақстан құрамасының бапкері атанбақ
news-banner7
mobile-news-top

Әзірбайжанның Azerifootball.com сайты бүгін қазақстандық футбол жанкүйерлері үшін өте қызық ақпарат тартты.

Дереккөздің хабарлауы бойынша елордалық «Астана» клубына украиналық маман Роман Григорчук бапкер болып тағайындалатын көрінеді. Ал елордалық ұжымның қазіргі бапкері Станимир Стоилов Қазақстан құрамасының бапкері атанбақ.

Өз кезегінде Роман Григорчук жаттықтыратын «Габала» командасына қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс Кахабер Цхададзе бапкер болып барады.

«Бұл бір адам айтса нанғысыз ақпарат болып көрінуі мүмкін. Дегенмен Роман Григорчук «Габала» командасынан кетеді. Оның орнын Кахабер Цхададзе басады. Ал Роман алдына жоғарғы мақсаттар қойып отырған қазақстандық «Астана» клубының бапкері атанады. Жаңа клубында Роман Григорчук қазіргісінен екі есе жоғары жалақы алмақ. Қазақстандық клуб ойыншыларына қазірдің өзінде екінші оқу жаттығу жиынына жаңа бапкермен аттанатындықтарын айтып үлгерген. «Астана» клубының қазіргі бапкері Станимир Стоилов Қазақстан құрамасының бапкері болуға келісімін берген. Ауыс-түйіс қысқы ОЖЖ аяқталғанша орын алып үлгереді», — деп жазды Azerifootball.com.

Станимир Стоилов «Астана» клубымен төрт жыл қатарынан ел біріншілігінде топ жарды. Екі рет Еуропа лигасының, бір рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнады. Биыл қазақстандық клубтар арасында алғашқы болып Еурокубок додаларының көктемгі кезеңіне жолдама алды. Елордалық ұжым Еуропа лигасының 1/16 финалында португалиялық «Спортингпен» кездеседі.

Қазақстан құрамасы қазір бас бапкерсіз қалған. Ресейлік маман Александр Бородюк өз еркімен қызметінен кеткен соң жаңа бапкердің есімі әлі күнге белгісіз жағдайда келген.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер