Astana Pro Team велошабандозы Жандос Бижігітов Қазақстан чемпионы атанды

Astana Pro Team велошабандозы Жандос Бижігітов Қазақстан чемпионы атанды

21  маусым күні Алматыда велоспорттың шоссе түрінен Қазақстан Республикасының Ұлттық чемпионаты басталды. Жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен спортшылар қатысты.

<span>Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің </span>баспасөз қызметі <span>хабарлады. </span>Ұлттық чемпионат оңтүстік астананың индустриялық аймағында екінші жыл қатарынан өтіп жатыр. Айта кету керек, өткен жылмен салыстырғанда жарыстың маршруты қиындады. Бірнеше бұрылысы бар жаңа жолдар қосылды. Ауа-райының аптап ыстығы да қатысушыларға қосымша сынақ болды. Сынап бағанасы жарыс күні 35°C көрсетіп тұрды.

Ерлер 50 шақырымға созылған жекелей жарыста сынға түсті. Оның қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған AstanaProTeam командасының өкілі Жандос Байжігітов үздік нәтиже көрсетті. Ол қашықтықты 1 сағат, 1 минут және 59 секундта бағындырды. Жеңімпаз алғаш рет Ұлттық чемпионаттың жейдесін иеленді. Шабандоз жарыстан кейін қуанышын жасырмады:  «Жарыс жолы мен үшін  қиын болмады. Алайда, мықты қарсыластар бар екенін білдім. Сол себепті бар күшімді салуға тура келді. Қуанышқа орай, жарыста топ жару үшін уақыт жетті».

Күміс жүлде AstanaProTeam командасының тағы бір өкілі Никита Стальновқа бұйырды. Ол Алматы қаласынан жарысқа қатысты. Оның көрсеткіші - 1 сағат, 2 минут және 10 секунд. 

AstanaProTeam командасының тағы бір спортшысы Артем Захаров үшінші орынды алды. Солтүстік Қазақстан облысының өкілі мәре сызығын 1 сағат, 2 минут және 33 секундта кесті.

Әйелдер арасында 24 шақырымға созылған жекелей жарыстың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының спортшысы, Servetto Giusta командасының өкілі Наталья Соковнина жеңіске жетті. Нәтижесі - 36 минут, 3 секунд. Ол ұлттық біріншілікте алғаш рет үздік атанды.

Ұлттық чемпионаттың жекелей сынында чемпиондық атағын қорғаған Алматы облысының велошабандозы Екатерина Юрайтис жеңімпаздан 17 секундқа қалып қойып, екінші орынды місе тұтты.

Үшінші орынды Солтүстік Қазақстан облысын мен AstanaWomen’sTeam командасының спортшысы Махаббат Үмітжанова иеленді.

Ұлттық чемпионатпен қатар, жылына төрт рет ұйымдастырылатын велосипед спортының шоссе түрінен Қазақстан Республикасының IV Жастар спорттық ойындары да өтуде. Бүгін бозбалалар мен бойжеткендер жекелей жарыста жеңімпазды анықтады. Жүлделі орынның нәтижесі төмендегідей:

Глеб Брусенский (Алматы облысы)

Игорь Чжан (Алматы облысы)

Максим Гридчин (Алматы қаласы)

Марина Курносова (Алматы облысы)

Анжела Соловьева (Алматы облысы)

Светлана Пащенко (Алматы облысы)

Велоспорттың шоссе түрінен Қазақстан Республикасының Ұлттық чемпионаты - маусымның ең басты жарысы. Оның қорытындысы бойынша ұлттық құраманың келесі жылда жарысқа қатысатын құрамы анықталады. Сол себепті осы жарысқа қазақстандық велоқауымдастық өкілдері баса назар аударады. Олардың ішінде Олимпиада чемпиондары Александр Винокуров және Зульфия Забирова, Қазақстан велоспорт федерациясының жетекшілері бар. Велоспорт жанкүйерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арасында қызығушылық арта түседі.

Еске сала кетейік, велоспорттың шоссе түрінен Қазақстан Республикасының Ұлттық чемпионаты мен IV Жастар спорттық ойындары 25 маусымға дейін созылады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или