Иван Шишкала: УЕФА кубогында әлемнің ең үздік командалары жиналды
«Югра» футзал клубының ойыншысы Иван Шишкала «Қайратпен» өткен матч жайлы айтып берді.
- Әрине, мұндай тартысты ойында жеңілгеніміз өкінішті. Ауыр кездесу болды. Жігіттер мінездерін көрсетіп, соңына дейін тырысты. Жалпы көрсеткен ойынымызға, жарыстағы орнымызға көңілім толмады. Есесіне, Ресейдің намысын абыроймен қорғадық деп ойлаймын. Бұл жарыста осал команда болған жоқ. УЕФА кубогына шыққан барлық төрт команданың деңгейі бірдей.
- «Қайратты» жеңу үшін командаға не жетіспеді?
- Сәттілік жетіспеді. Игита – өте керемет қақпашы. Қанша соққымызды қайтарды. Негізі ойын тең өрбіді, ал пенальти сериясында алматылық команданың бағы жанды. Бұған қоса, өзім де бір-екі мүмкіндікті жіберіп алдым. Осындай нюанстардың кесірінен жеңіліп қалдық.
- Қай командаға қарсы ойын ауырлау болды – «Қайрат» әлде «Спортинг»?
- Екі матч та өте ауыр болды. Айтқанымдай, төрт команданың деңгейі бірдей. «Спортингке» қарсы жабық, ал «Қайратпен» өткен кездесуде ашық ойнадық.
- Соңғы сұрақ - «Алматы Арена» туралы пікіріңіз қандай?
- Өте керемет спорт кешен. «Алматы Аренаның» атмосферасы тамаша болды. Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қанша жарысқа қатыстым, бірақ ешқайсысы биылғы УЕФА кубогының ұйымдастыруына жетпейді.
Естеріңізге сала кетсек, «Қайрат» футзал клубы УЕФА кубогының қола жүлдесі үшін кездесуінде ресейлік «Юграны» (5:5, 3:2 пен.) пенальти сериясында жеңді.