Рикардинью: Мені Мессиге емес Роналдуға теңесеңіз дұрыс болады
Футзалдан әлемнің үздік ойыншысы Рикардинью «Қайрат» клубына қарсы жеңісті кездесуден кейін prosports.kz тілшісіне сұхбат берді.
Төрттік финалда әлсіз команда жоқ. «Қайрат» Қазақстанның чемпионы, «Спортинг» Португалияның жеңімпазы, «Югра» Ресейдің үздік командаларының бірі, ал «Интер» Испания чемпионы. Алматылық клуб үйінде ойнағандықтан бізге ойын қиынға түсті. Сіздер жанын беріп қолдаған жанкүйерлерді көрдіңіз. Менің оларға алғысым шексіз. Жанкүйерлер тек «Қайратты» ғана қолдауға келген жоқ, олар футзал ойынына сүйіспеншілік танытты. «Қайрат» мықты команда екеніне бүгін көзім жетті. Олар Игитаны ойынға жиі қосты. Игита біз үшін өте қауіпті адам. Оның әрбір пасы командаласына дәл барады. Алайда бүгін сауатты ойнап жеңіске қол жеткіздік.
- Сіз бүгін қос голдың және нәтижелі пастың авторы атанып, командаңызға жеңіс сыйладыңыз. Сол жайлы толық айтып берсеңіз?
- Ия, бүгін менің жолым болды. Алайда бұл жеңіс менің ғана емес, барлық команданың еңбегі. Мен ақырғы екі апта командамен бірге жаттықпадым. Ал бірінші голды өзімнің жеке шеберлігімнің арқасында соқтым.
- Игитаны футзал әлеміндегі үздік қақпашы дейді. Ол жайлы пікіріңіз қандай?
- Игитамен бірге жаттықпағандықтан, оның мықтылығына баға бере алмаймын. Оның ойындарын ғана көрдім. Тек ойындардан ғана пікір қалыптастыру мүмкін емес. Ал оның әлемдегі мықты қақпашылардың бірі екені сөзсіз.
- Сізді футзалдағы Лео Месси дейді?
- Ол жағын білмеймін. Мені Мессиге емес Роналдуға теңесеңіз дұрыс болады. Мен португалиялықпын ғой. Мүмкін көпшілік менің солақай және кішкентай бойлы болғаным үшін солай ойлайды.
- «Алматы Арена» атмосферасы жайлы не айтасыз?
- Керемет екен. Айтарым рахмет. Бүгін бүкіл ойын бойы қатты сездім. Біздің финалдық ойынға келіп, «Интер» командасын қолдаса қуанышымда шек болмас еді. Мен барлық алматылықтар финалдық кездесуге келіп, қолдау көрсетеді деген үміттемін.