Қайрат Оразбеков: «Қайрат» құраманың жетістігін қайталауға дайын

Қайрат Оразбеков: «Қайрат» құраманың жетістігін қайталауға дайын

Бүгін футзалдан УЕФА кубогы Төрттік финалының алдында алматылық «Қайрат» баспасөз-мәслихатын өткізді.

Клуб президенті Қайрат Оразбеков турнирге дайындық пен ұйымдастырушылық жұмыстар туралы және УЕФА кубогының жаңа форматы жайлы пікір білдірді.

- Біріншіден, Қазақстан құрамасының сәтті ойынын айта кетуіміз қажет. Тоғыз ұпай алып, қақпасына бірде-бір гол жібермеді. Команда құраманың ойынынан жігерленіп, жақсы ойын көрсетуге әзір. Олардың жетістігін УЕФА кубогының финалында қайталауға дайын. Сонымен қатар, УЕФА кубогы биыл соңғы рет ойнатылады. Келесі жылдан бастап турнирдің өту тәртібі өзгеріп, Чемпиондар лигасының кубогы деп аталады. Бұл үлкен футболдағы жарыстың нұсқасы ретінде жасалмақ. Команда қазіргі күні дайындық жүргізіп жатыр. Құраманың екі апталық жиынында «Қайрат» аз құраммен жаттықты. Какау үшін команданы толыққанды жаттықтыру сәл-пәл қиындық тудырды. Дегенмен бапкер бұл қиындықтың да шешімін тапты деп ойлаймын. Қазір команда толық құрамда дайындық жүргізіп жатыр.

- Өз жеріңде ойнаған кезде жанкүйерлердің қолдауы көмек болары сөзсіз, бірақ бір жағынан бұл командаға үлкен қысым ретінде әсер етуі мүмкін. Алдағы Төрттік финалда бұл екеуінің қайсысы көбірек болады?

- Какау өз алаңында ойнағанды ұнатады. Мен сырт елде ойнағанды жөн көремін. Неге десеңіз, команданың дайындығынан бөлек, клуб әкімшілігіне турнирдің ұйымдастыру міндеті де жүктеледі. Финалдық кезеңге дайындалу көп уақыт алады. Бұл менеджердің, демеушілердің, серіктестердің бірігіп жасайтын өте ауқымды жұмысы. Мен сондықтан толыққанды клубпен бірге бола алмаймын. Ал сырттағы ойындарда сен командамен бірге болып, нақты жазылған жоспарды орындап, мақсатқа жетуге тырысасың. Қазір бізде кейде сөйлесуге де уақыт жетпей жатады. Осындай сәл қиындық тудыратын кезі болады. Қазақстандықтар қонақжайлылықты, бәрінің керемет өтуі үшін тырысамыз. Бірақ бұл әр елге беріле беретін мүмкіндік емес. Дайындықтың қиындығы да, пайдалы жағы да бар. Ең бастысы біздің жанкүйерлер алаңда не болып жатқанын өз көздерімен көре алады. Олардың Рикардиньоның ойынын тамашалауға мүмкіндігі бар. Біздің балалар онымен бірге болып, қолтаңба ала алады. Бұл біз үшін ең ұлы іс деуге болады.

- УЕФА кубогы келесі маусымнан бастап өзгеріске ұшырайды. Бұл жаңа өзгерістер жайлы не ойлайсыз?

- Бұл турнирдің өзгергенін құптаймын. Себебі көптеген чемпионаттарда мықты клубтар жетерлік. Бірақ олар тәртіпке сай тек бір клубты ғана жарысқа шығара алады. Сондықтан турнирдің ауқымын кеңейту мақсатында өзгерістер керек болды. Енді Төрттік финалға шығу өте қиын шаруаға айналады. Себебі клубтардың рейтингі бұл жерде көп рөл атқарады. Элиталы кезеңде бірнеше мықты клубтарды жеңгеннен кейін ғана финалдық бәсекеге қатысуға мүмкіндік алады. Бұл үлкен спорттық шара нағыз мерекеге ұласпақ. Қазіргі күні Қазақстанға тек бір орын берілген. Бірақ біз биыл кубокты ұтып алып, тағы бір командаға орын босатып беруге тырысамыз. Футзалдың дамуы үшін бұл өте дұрыс қадам деп ойлаймын.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или