Біржан Оразов: Қазақтар да допты түзу тебе алады. Мұны дәлелдеймін
Жуырда футзалдан Қазақстан құрамасы 2018-ші жылы Словенияда өтетін Еуропа чемпионатына жолдама жеңіп алды. «Алматы-Аренада» өткен іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы Чехия, Македония және Дания құрамаларын тізе бүктірді. Іріктеу ойындарында Қазақстан құрамасына бір топ жас ойыншылар шақырту алған. Сол жас таланттардың бірін аз кем әңгімеге тартқан едік. Назарларыңызға «Жетісу» командасы мен Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Біржан Оразовпен болған сұхбатымызды ұсынамыз.
- Біржан, әуелі отбасың жайлы айтып өтсең...
– Мен Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласында 1994-ші жылы дүниеге келдім. Екі жаста болғанымда ата-анам ажырасып кеткен екен. Анамның есімі – Айгүл. Әпкем Әйгерім екеумізді анам ешкімнен кем қылмай, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай осы күнге жеткізді. Қазіргі уақытта әпкем тұрмыста, анам Аягөз қаласында тұрады.

- Футболға деген қызығушылық қанша жасыңда басталды? Ең алғаш футболға жетелеп әкелген кім?
- Мен сегіз жаста болғанымда анам футбол секциясы ашылыпты деп өз қолымен жетелеп әкеліп табыстаған. Сол күннен бастап футбол менің өмірімде ерекше орын алып келеді. Ең алғашқы бапкерім Кәрменов Әсет Мейрамханұлы болатын. Ол кісіден үйренгенім көп. Ұстазымыздың ең алғаш талап ететіні тәртіп болатын. Әкемнің тәрбиесін көрмегендіктен ол кісі маған әке орнында болды десем артық емес. Берген уәдеде тұруды, айтылған нәрсені екі етпеуді, жаттығуға кешікпей уақытылы жүруді бойыма сол кісі сіңірді. Ағайыма алғысым шексіз.
- Бүгінде сен футзалдан Қазақстан құрамасының толыққанды мүшесісің? Осы жетістікке қалай жеттің?
- Алғаш Аягөзде доп ойнап жүргенімде Әбдірасилов Нұржан деген өзімнен екі үш жас үлкендігі бар жерлесім Алматы мемлекеттік энергетика және технологиялар колледжіне түссеңші деп ақыл-кеңесін айтты. Ойланбастан Алматыға келіп Тайтөлеу Төлеуғали Мұхамеджанұлы ағамызбен сөйлесіп, аталған коллеждің студенті болып шыға келдім. Менің үлкен футболға қадамым осы кезден басталды. Төрт жыл колледжде оқи жүріп, көптеген жарыстарға қатыстық. Әуесқой лигада ойнап жүргенімді Қазақстан мен «Қайраттың» ойынын жібермей қарап жүретінмін. Дінмұхаммед Сүлейменов, Шыңғыс Есенаманов ағаларымның ойынына сүйсінетін едім. Ол ағаларыммен бір командада ойнау орындалмас армандай көрінетін. Астаналық «Ұшқын» деген команда тарапынан шақырту түскенде ойланбастан келістім. Кейін ол клуб қаржылық қиындықтарға тап болып жабылып қалды. «Сабақты ине сәтімен» дегендей осы тұста «Жетісу» атты команда құрылып, сол командада бағымды сынап көруге бел будым. Команда бапкері бразилиялық Дентиньоға менің ойыным ұнаса керек, команда қатарына қосты. Әлбетте, басында тек қосалқы құрамда отырдым. Кейін келе негізгі құрам ойыншысына айналдым. Осы тұста Дентиньо ұлттық құрама бапкері Алесиоға мені құрамаға шақыртып сынап көруге кеңес берген. Бір кездері арманым болған ұлттық құрама жейдесін алғаш рет Белоруссиямен болған жолдастық кездесуде кидім. Алғашқы ойында ұлттық құрама үшін гол соғу бақыты да бұйырды.

- Ұлттық құрама қатарына кез келген ойыншы шақыртыла бермейтіні анық. Алғашқы ойындарда қобалжу болған шығар.
- Әрине, басында бәрі түсім сияқты көрінетін. Әлемнің үздік қақпашысы Игита, кумирлерім болған Димаш, Шыңғыс ағалармен бірге құрамада ойнап жүргеніме сене алмай жүрдім. Бір кездері қолтаңбасын алып суретке түсу арман болған ойыншылармен бір командада ойнау қиял ғажап ертегі сияқты көрінді. Осы тұста тісқаққан ағаларымның үлкен көмегі тиді. Білмегенімді үйретіп, жаңылысқан сәттерде демеу берді. Ұлттық құрамаға тез бейімделіп кету үшін ешқайсысы көмегін аяп қалмады.
- Қазақстан құрамасы «Алматы-Аренада» өткен 2018-ші жылғы Еуропа чемпионатына іріктеуде қарсыласының бәрін қоғадай жапырып тікелей жолдамаға ие болды. Сенің ұлттық құрама қатарындағы алғашқы ресми ойының да осы іріктеу аясында орын алды. Бас бапкер Алесио Даниямен болған ойыннан соң сені ерекше атап «Қазақстанда Біржан сияқты ойыншы жалғыз ғана» деген болатын. Өзіңнің артық тұстарыңды өз аузыңнан естісек.
- Қазақстан құрамасына Еуропа чемпионатына жолдама алу оңайға түскен жоқ. Қарсыластар қарымды еді. Сол жетістікке өзімнің аз болса да үлесімді қосқаным үшін бақыттымын. Менің спорттық мансабымдағы үлкен ойындар әлі алда деп білемін. Алаңда өткізген әрбір минут мен үшін құнды. Бас бапкердің тарапынан жылы сөз естіу әрбір ойыншының арманы. Өзімнің артық тұстарым деп қорғаныста сауатты ойнап керек кезде агресивті ойын көрсете алатынымды айтуға болатын шығар.
- Барлық ойындарға қатыса алмадым деп ренжіген жоқсың ба?
- Жоқ. Мен барлығын түсінемін. Келе салып төр менікі деу жарамас. Ойындар аяқталған соң «Қайрат» футзал клубының президенті Қайрат Оразбеков ағаның өзі келіп қолымызды алып, арқамыздан қақты. Ұлттық құрама қатарында негізгі құрамда ойнайтын күндеріміз алда екендігін айтты. Қазақ елінде біз сияқты ұлдардың бар екеніне мақтанатынын айтқанда кеудені қуаныш кернеді. Ол кісіге қазақ футзалының дамуы үшін жасап жатқан орасан зор еңбегі үшін алғысым шексіз.

- Футзалмен қатар сені Қазақстанның жағажай футболының құрамында деп естідік.
- Ең алғаш жағажай футболын Аягөзде жүргенде бастадым. Он сегіз жасымда Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атандым. Өзім үздік шабуылшы деп танылып, Қазақстан құрамасына шақырту алдым. Содан бері жағажай футболынан ұлттық құрамадамын.
- Жағажай футболынан Қазақстан құрамасының Әлем болмаса Еуропа чемпионатына баруға мүмкіндігі бар ма?
- Бізде жағажай футболы қатты дами қоймаған. Алаңдардың жеткіліксіздігі байқалады. Біздің ауа райы да жағажай футболының қарқынды дамуына көп кедергі. Тек жаздың екі айында ойнаймыз. Қалған уақытта ауа райына байланысты мүмкіндік жоқ. Мүмкін легионерлер шақырсақ ірі жарыстарға жолдама алуға мүмкіндік болар.
- Легионер деп қалдың. Өз басың ұлттық құрамаға легионер шақыртуға қарсы емессің ба ?
- Қарсы емесмпін. Бұл әлемдік тәжірибе. Тек шақырған легионерлер жергілікті ойыншылардан мықты болуы шарт. Мысалға футзалды алсақ. Игита әлемнің үздік қақпашысы, Дуглас үздік қорғаушы. Оларға бұл дәрежеге жетуіне «Қайрат» командасы көп көмектесті. Қазақстанның нанын жеді, суын ішті. Бүгінде Қазақстан намысын қорғайды. Шын жүрегімен қорғайды. Бразилия тарапынан түскен ұсыныстан да бас тартып отыр. Міне, осындай легионерлер болса құба-құб.
- Біржан алдағы жоспарларың мен армандарың жайлы айтсаң?
- Ең әуелгі арманым Ұлттық құрама қатарында негізгі құрам ойыншысы атанып халықаралық жарыстарда топ жарсам деймін. Қазақ баласының допты түзу тебе алатынын дәлелдегім келеді. Анам әпкем екеумізді қатарға қосу үшін аянбай еңбек етіп, бар ғұмырын біздің бақытты болуымыз үшін сарп етті. Ендігі кезекте анама қамқор болып, қолын жылы суға малып, өз қолыма алғым келеді. Армандарым көп, жоспарларым да жеткілікте. Тек аянбай еңбектену керек...
- Армандарыңның орындалуына тілектеспіз.
Фото: Ольга Апельганец, Олег Спивак