Қазақстан құрамасы Данияның қақпасына жауапсыз бес гол соқты
Футзалдан Қазақстан құрамасы 2018-ші жылы өтетін Еуропа чемпионатына іріктеу аясында екінші ойынын өткізіп жеңіске жетті. Дания құрамасымен өткен матч жерлестеріміздің айқын басымдығымен өтті.
Бірінші таймның өзінде Қазақстан құрамасы қарсылас қақпасына жауапсыз төрт гол соғып, кездесу тағдырын шешіп тастады. Алғашқы голды Серік Жаманқұлов өз еншісіне жазса, одан кейін Лео, Першин және Дугластар да өз еншісіне бірден гол жазды.
Ал екінші таймда Қазақстан құрамасының бапкері құрамаға енді шақырылып жүрген жастарға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов сынды жас таланттар алаңға шығып, тіс қаққан ағаларымен тізе қосып тәуір ойын көрсетті. Бас бапкер Алесионың да екінші таймға көздегені есепті ұлғайта түсу емес жастарға мүмкіндік беру сияқты көрінді. Ал Дания құрамасы екінші таймда да сылбыр өнер көрсетіп, Қазақстан қақпасын дәл көздей алмады. Бірнеше қауіпті сәттерде біздің құраманың қақпашысы Игита қауіптің бетін сейілтіп отырды.

Ойын аяқталуға бір минут қалғанда Қазақстан құрамасының капитаны Дінмұхамет Сүлейменов ойындағы бесінші голды соқты. Осылайша Қазақстан құрамасы айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Естеріңізге салсақ, кеше Қазақстан құрамасы Македеоияны ұтқан болатын. Біздің топтағы алғашқы ойында Дания Чехияға жол берген. Бүгін аяқталған Македония мен Чехия арасындағы ойын чехиялықтардың жеңісімен аяқталған. Осылайша Қазақстан мен Чехия құрамасы топтағы бірінші орын мен Еуропа чемпионатына тікелей жолдаманы сарапқа салатын болады. Ал Македония мен Дания құрамалары Еуропа чемпионатына жолдама алу мүмкіндігін жоғалтты.
Қазақстан - Дания 5-0
Голдар: Жаманқұлов 4, Лео 9, Першин 17, Дуглас 17, Сүлейменов 40
Дания: Питер Хааг Крситофер, Луис, Закария, Ласмус, Ларсон, Тейланд, Азад, Борум, Кутберт, Бьеринг, Менгел, Халед, Кляйн, Нонбо
Қазақстан: Игита, Шомро, Кнауб, Жаманқұлов, Лео, Сүлейменов, Довгань, Есенаманов, Першин, Иманалин, Дуглас, Тұрсағұлов, Акбаликов, Оразов
Фото Эдуард Гавриштікі