Игита: Даниялықтар физикалық тұрғыдан мығым келген ірі ойыншылар
Футзалдан Қазақстан құрамасы мен «Қайрат» футзал клубының қақпашысы Игита Македония құрамасына қарсы жеңісті кездесуден кейін өз пікірімен бөлісті.
- Көңіл-күйім тамаша! Жанкүйерлер бізге жақсы қолдау көрсетті. 3:0 есебімен жеңіске жеткеніміз керемет болды. Енді Даниямен кездесуге дайындалу керек.
- Македониялықтар бүгін біздің команданың көп күшін алды ма?
- Ия, әрине. Македония құрамасының ойынын зерттесек те ыңғайсыз қарсылас екен. Оларда гол салатын сәттері көп болды. Қақпамызға бірнеше дәл соққы жасады. Бір жақсысы ойынның бірінші таймында екі гол соғып алдық. Ал екінші таймда емін-еркін допқа қожалық еттік. Ертеңгі кездесу қиын болады. Себебі даниялықтар физикалық тұрғыдан мығым келген ірі ойыншылар.
- Топтағы басты қарсылас кім? Дания ма әлде Чехия ма ?
- Әрине, Чехия. Олар үнемі үлкен сайыстарда өнер көрсетіп жүрген тәжірибелі команда. Меніңше, чехиялықтармен ойын кіші финал тәрізді болмақ. Бірақ оған дейін даниялықтарды тізе бүктіру қажет.
- Сіз жанкүйерлердің қолдауынан кейін қозып, сүйсіне ойнайтын сияқтысыз?
- Барлығы тамашы, осы алаңда ойнағанда көңілім сүйсінеді. УЕФА кубогының кездесулерінде «Қайратпен» бұл алаңда ойнап үйреніп қалдық. Ертең бұдан да көп жанкүйер болады деген үміттемін. Мен жанкүйерлерді біздің команданы қолдауға шақырамын. Бізге ол ауадай қажет!


