Қайрат Оразбеков: Біз үшін маңыздысы – әдемі ойын көрсету
«Қайрат» АФК президенті Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында ел чемпионатын қорытындылап, УЕФА кубогының Төрттік финалына дайындығы жайлы айтып берді.
– Футзалдан Қазақстан чемпионаты аяқталды. «Қайрат» қайта жеңімпаз атанды. Биылғы ел біріншілігін қалай бағалайсыз және жаңа маусымнан не күтесіз?
– Биыл чемпионат әрең өтті десе де болады. Жарысқа тек бес команда ғана қатысты. Сондықтан, біз Қазақстан футбол Федерациясының атқару комитетінің шешімін асыға күтудеміз. Егерде футбол командаларының әрқайсысында футзал клубы болса – бұл барлығымыз үшін де пайдалы болмақ.
– Егерде футбол клубтары футзал командасын жасақтауға асықпаса, ҚФФ қандай шара қолдануға дайын?
– Федерация әр футбол командаға футзал клубын жасақтау үшін кем дегенде үш жыл берді. Бұның бәрін істеу үшін арнайы жүйе құрылған. Тіпті бюджеттің бәрі есептелген. Қазақстан чемпионатында жақсы өнер көрсету үшін футзал командасына 500 мың доллар жеткілікті. Мұндай қаржы болмаса, Бірінші лигада өнер көрсетуге болады. Жарнақы 25-30 млн теңгені құрайды. Онда жүлделі орынға ілінген клубтар Жоғары лигаға жолдама алды. Егерде футбол командалары атқару комитетінің бұл шешімін орындамаса, бұл ҚФФ-ның имиджіне кері әсер тигізеді.
– Шағын футболдан Ресей Ассоциациясының президенті Эмиль Алиев Еременко кубогы даму жолында деді. Ендігі бұл турнир қалай өтпек? Бәлкім, тағы бір қазақстандық команда жарысқа қатысады...
– Өз алдына мақсат қойған адам, түбінде соған жетеді. Еременко кубогы ТМД елдерінің ең мықты командалары қатысатын жарыс. Бұл турнир жыл сайын дамып келеді. Алдағы уақытта, Еременко кубогы үлкен халықаралық форумға айналады деген ойдамын.

– Еременко кубогындағы жеңіс УЕФА кубогы алдында команданың өз-өзіне сенімділігін арттырды ма?
– Өз осал тұстарымызды анықтау үшін бұл турнирге қатысқанбыз. Талай мықты ресейлік ұжымдарға қарсы ойнадық. Жүз пайызға дайын болмасақ та, тартысты финалда жеңіске жете алдық. Осылайша, үш дүркін Еременко кубогының иегері атандық.
– Командаға жаңадан қосылған Дуглас Нуньес пен Кабреува жайлы не айта аласыз?
– Нуньес шабуылшы. Физикалық дайындығы керемет. Болашағынан үлкен үміт күттіретін футзалшы. Оның ағасы атақты Бетао кезінде «Қайратта» керемет маусым өткізген болатын.
Кабреува жайлы айтатын болсақ, оны Бразилия мен Еуропада жақсы таниды. Бұл ойыншының техникасы тамаша. Нағыз шебер орындаушы. Бірақ оған әлі де біздің ойын стилімізге үйрену қажет.
– Какаудың Ұлттық құрамадан кетіп, бар назарын «Қайратқа» аударуы командаға пайдасын тигізді ме?
– Какаудың жоқ болғаны бұл әрдайым кемшілік. Екі ірі жарыстың бір айда өтуі біз үшін ауыр болмақ. Сондықтан қойылған мақсатты орындау үшін Алесио Ұлттық құраманы, ал Какау «Қайратты» мұқият баптауда. Қос командаға мен тек жеңіс тілеймін.
– «Қайрат» УЕФА кубогының финалына шығып жатса, кімді таңдар едіңіз – «Югра» әлде «Спортинг»?
– Екі команда да кезінде бізді УЕФА кубогының жартылай финалында ұтқан болатын. Сол есені қайтаруымыз қажет. Финалға шығып жатсақ кімге қарсы ойнау маңызды емес. Мұндай деңгейде барлық қарсыластар бірдей. Кімнің дайындығы мықты, сол команда жеңіске жетеді.

– Өкінішке қарай, биылғы маусымның басында «Қайраттың» қорғаушысы Нето қатты сырқаттанып қалды. Ауыр ота жасалған болатын. Оның үлкен спортқа оралуы қаншалықты мүмкін?
– Нетоның нағыз атлет екенін бәрі жақсы біледі. Оның денсаулығы жақсарады деген үміттеміз. Қазіргі таңда, ол командада. Оның қолдауын сеземіз. Еременко кубогында біздің командамыздан өзге КПРФ мен «Столица» да Нетоға қолдау көрсеткен болатын. Нетоға тезірек айығып кетуін тілеймін. Құдай қаласа, УЕФА кубогын жеңіп жатсақ оған да медаль және сыйақы беріледі.
– Еуропалық мамандар Төрттік финалының фавориті деп «Интерді» атауда...
– Біз бұл команданы құрметтейміз. Мықты футзалшылардан жасақталған ұжым. Рикардиньо сынды ұлы ойыншысы бар. Есесіне «Қайраттың» ойыншылары олардан еш кем емес. Қай команда мықты екенін бірден айту қиын. «Қайратқа» мықты командаларға қарсы ойнаған ұнайды. Алматылық клубтың ойыны елімізде футзалдың дамуына үлкен үлес қосып жатыр деген ойдамын.
– Рикардиньоға қарсы ойнау қаншалықты ауыр болмақ?
– Ол әлемдік деңгейдегі жұлдыз. Фалькаоның Ұлттық құрамадан кетуімен, футзалдың жұлдызы осы Рикардиньо шығар. Алматылықтар португалиялық ойыншының бар өнерін «Алматы Аренадан» тамашалай алады. Бірақ біздің футзалшылар Рикардиньо бастаған команданы тоқтатады деп үміттенемін.
– «Қайрат» үшінші рет УЕФА кубогын жеңсе, не істеуге дайынсыз? Бұған дейін бәстесіп, шашыңызды тақырлап алған болатынсыз.
– Бұл жолы шашымды тақырлап алмаймын, себебі сол уақыт аралығында мені жиі фотоға түсіреді. Егерде «Қайрат» УЕФА кубогын жеңсе – шашымды қызыл түске бояуға дайынмын.
Фото Никита Басовтыкі