«Қайрат» УЕФА кубогының Төрттік финалына бір қадам жақындады

«Қайрат» УЕФА кубогының Төрттік финалына бір қадам жақындады

Футзалдан УЕФА Кубогы Элиталық кезеңінің 2-ші турында алматылық «Қайрат» косоволық «Феникспен» күш сынасты. 

Бірінші турда топтың фавориті саналатын «Қайрат» Италия чемпионы «Реал Риетиді» 3:2 есебімен ұтқан болатын. Ал «Феникс» латвиялық «Никарске» жол берген еді - 3:4.

«Қайратқа» ойынның есебін ашу үшін бірнеше секунд қана жеткілікті болды. Диванейдің соққысы Криштиано қақпасынан табылды. Косоволық ұжым азулы қарсыласына анау айтарлықтай күш көрсете алмады. Жылдам гол соғып алған «Қайрат» та бар күшін салды деуге келмейді.

Алғашқы минуттар алаң иелерінің толық басымдығымен өтті. Игитаның орнына шыққан Ронкальо да сыр берген жоқ. Дрот пен Тайебиде де есепті еселейтін мүмкіндік болған, екі сәтте де қонақтардың қақпашысы орнынан табылды. Алғашқы минуттардың өзінде «Феникстің» ірі есеппен жеңілмей жатуы тек голкипер Криштианоның арқасы деуге болады. 

Таймның орта белінде Какау алаңға Шыңғыс Есенаманов, Дінмұхамед Сүлейменов, Дәурен Нұрғожин және Александр Упалев төрттігін шығарды. Бұл квартет те «Феникстің» қақпасын торуылдаумен болды.

14-ші минутта алаңға алғашқы төрттік қайта шықты. Нәтижесінде Диваней ұрымтал тұстан алыс бұрышты дәл көздеп, алматылықтардың екінші голын соқты.

«Феникстің» алғашқы қауіпті шабуылы 16-шы минутта болды. Қақпашымен жалғыз қалған Ангеллот ұрымтал тұстан мүлт кетті. Араға екі минут салып, Дрот «Қайраттың» үшінші голын соқты. Какау шәкірттері үзіліске сенімді есеппен аттанды. 

Екінші таймның басында-ақ «Қайрат» матчтағы төртінші голын соқты. Дәурен Нұрғожин әріптесінен пасынан кейін көзге түсті.

Косовалық ұжым ойынның 28-ші минутында ғана жауап қайтара алды. Брайимидің соққысы қақпадан биік кетті.

Негізгі құрамда қақпашы Игитаны алмастырған Ронкальо өте белсенді ойнауда. Бразилиялық голкипер бірнеше қауіпті соққы жасап қана қоймай, өз командасын бір-екі сәтте голдан құтқарып қалды.   

Кездесудің 34-ші минутында Дәурен косовалық футболшыға қарсы ереже бұзды. Бас төреші Нұрғожинге сары қағаз көрсетті.

Матчтың аяқталуына екі минут қалғанда Дуглас әдемі финтпен қарсыласын алдап, жойқын соққымен есепті 5:0-ге жеткізді. Бір минуттан кейін жақында ғана алматылық ұжымға ауысқан ирандық футзалшы Тайеби нәтижені қорытындылады - 6:0. 

Осылайша, «Қайрат» екі турдан кейін «А» тобында алты ұпай жинап, Төрттік финалға бір қадам жақындады. 

Футзалдан УЕФА кубогы. Элиталық кезең

«А» тобы, 2-ші тур

«Қайрат» - «Феникс» - 6:0 (3:0)

Голдар: Диваней 1 (1:0), Диваней 14 (2:0), Дрот 18 (3:0), Нұрғожин 22 (4:0), Дуглас 38 (5:0), Тайеби 40 (6:0)

«Қайрат»: Ронкальо (қ), Дуглас, Игор, Алешандре, Диваней.

Қосалқы құрам: Игита (қ), Упалев, Нето, Тайеби, Сүлейменов (к), Дрот, Нұрғожин, Барон, Есенаманов.

«Феникс»: Крис (қ), Вийера, Гаши, Каро, Брайими А.

Қосалқы құрам:  Йусуфи (қ), Алибегу, Брахими, Мисини, Миджини (к), Рамадани, Топилла, Брайими Ш.

Ескерту алғандар: Ронкальо 2, Нұрғожин 34

Алматы қ., «Алматы Арена» с.к, 2016 ж, 25 қараша.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или