«Никарс» УЕФА кубогының Элиталық кезеңін жеңіспен бастады
Бүгін «Алматы Арена» спорт кешенінде футзалдан УЕФА кубогы Элиталық кезеңіндегі «А» тобының ойындары басталды.
«А» тобының бірінші кездесуінде «Никарс» «Феникс» командасымен кездесті. Латвия чемпионы бірден допқа иелік етіп, матчтың екінші минутында таблода есеп ашты. Гол соққан – Янис Пастарс. Араға бір минут салып Архипов-Прокофьев есепті еселеуге жақын болған, бірақ оның соққысы қақпадан биік кетті. «Феникс» кездесудегі бірінші соққысын алтыншы минутта ғана бағыттады. Үш минуттан кейін косоволық ұжым таразы басын теңестіріп кетті – Каро көзге түсті. Бірінші таймның аяқталуына екі минут қалғанда «Никарстың» бразилиялық легионері Эвертон әдемі соққымен өз командасына есепте алға шығарды – 2:1.
Екінші кезең «Феникстің» шабуылымен басталды. Матчтың 25-ші минутында косоволық клубтың капитаны Меджини қақпа бағанысына тиді. Кейін, Каро «Никарс» қақпашысынан айласын асыра алмады. Ойынның аяқталуына бес минут қалғанда латвиялық команданың ойыншысы Сень есепті 3:1-ге жеткізді. Алайда көп ұзамай Каро дубль жасап, есеп айырмасын қысқартты. Кездесудің соңғы минутында қос команда бір-бір голдан соқты.
Осылайша, «Никарс» Элиталық кезеңді жеңіспен бастап, уақытша «А» тобында көш бастады.
Футзалдан УЕФА кубогы. Элиталық кезең.
«А» тобы, 1-ші тур.
«Никарс» (Латвия) – «Феникс» (Косово) – 4:3 (2:1)
Голдар: Пастарс 2, Эвертон 18, Сень 35, Астраханцев 40 – Каро 9, 38, Браийми А. 40
«Никарс»: Астраханцев (қ), Пастарс, Арпихов-Прокофьев, Матюшенко, Колесников
Қосалқы құрам: Шкестерс-Камбалс (қ), Алексеев, Дацко (к), Забаровский Д., Забаровский К., Вандерсон, Эвертон, Сень, Аванесов.
«Феникс»: Крис (қ), Алибегу, Муллаи, Меджини (к), Брайими Ш.
Қосалқы құрам: Йусуфи (қ), Брахими, Мисини, Рамадани, Гаши (қ), Топилла, Брайими А., Вийера, Каро.
Алматы қ., «Алматы Арена» с.к, 2016 ж, 24 қараша.