Карлос Пратес Ислам Махачевтің мансабына нүкте қоюға уәде берді
UFC-дің жартылай орта салмағындағы бразилиялық файтері Карлос Пратес чемпион Ислам Махачевпен өтпей қалған жекпе-жекке қатысты дау-дамайды одан әрі ушықтырды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Пратес бұған дейін ресейлік спортшыны жақтап, бразилиялықтың Махачевке қатысты сынына жауап берген танымал менеджер Әли Абдель-Азизге ашық түрде жауап қатты.
Бастапқыда Махачев пен Пратестің қаңтар айында жұдырықтасуы мүмкін екені қызу талқыланған еді. Алайда ресейлік чемпион бұл турнирге қатысудан бас тартқан соң, промоушен жекпе-жектердің жоспарын өзгертті. Нәтижесінде Карлос Пратес Эквадор өкілі Майкл Моралеспен кездесетін болды.
Исламның жылдың басында октагонға шығудан бас тартуы бразилиялықтың наразылығын тудырды. Кейін Махачевтің командасы өкілдерімен болған сөз қағысуы үлкен медиа жанжалға ұласты.
Әли Абдель-Азиздің сынына жауап ретінде 31 жастағы бразилиялық файтер X әлеуметтік желісінде жазба жариялады. Ол чемпионның жекпе-жекке деген ынтасына күмән келтіріп, оның мансабына нүкте қоюға уәде берді.