Александр Шевченко Шанхайдағы «Мастерс» турнирінің іріктеу кезеңінен өте алмады
Қазақстандық теннисші Александр Шевченко Шанхайда өтетін ATP-1000 сериясындағы турнирдің негізгі кезеңіне шыға алмады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Шевченко іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчта Жапония өкілі Ёсихито Нисиокаға жол берді.
Кездесу жапон теннисшісінің пайдасына 6:2, 6:4 есебімен аяқталды. Матч 1 сағат 12 минутқа созылды. Осы уақытта Шевченко екі эйс жасап, бір рет қосарланған қателік жіберді. Қазақстандық теннисші қарсыласының добын қайтаруда бір ғана брейк-пойнтқа ие болғанымен, оны пайдалана алмады.
Нисиока қабылдауда тиімді ойнады. Жапония өкілі жеті брейк-пойнт жасап, оның үшеуін пайдаланды. Бұл оған екі сетте де жеңіске жетуге мүмкіндік берді.
Шанхайға келгенге дейін Шевченко да бірқатар жеңіліске ұшырады. Қазақстандық теннисші ATP турнирлеріндегі соңғы матчтарында Чэндуда Хуберт Хуркачтан, АҚШ ашық чемпионатында Дино Прижмичтен және Цинциннатиде Ботик ван де Зандсхулптан жеңілген еді.
Соған қарамастан, Шевченко биыл жақсы нәтиже көрсетті. Оның осы маусымдағы ең үздік жетістігі — Швейцарияның Гштаад қаласында өткен ATP-250 турнирінің жартылай финалына шығуы.
Шанхайдағы турнирдің негізгі кезеңі 7 қазанда басталады. «Мастерс» бәсекесі 18 қазанға дейін жалғасады.