Дмитрий Попко World Tennis Tour-да айдың үздік ойыншысы атанды
Қазақстандық теннисші Дмитрий Попко World Tennis Tour турнирлеріндегі нәтижесі бойынша жеке марапатқа ие болды, деп хабарлайды Prosports.kz.
29 жастағы спортшы серияның ерлер арасындағы санатында айдың үздік ойыншысы атанды.
Попкоға бұл марапат жеңіс сериясынан кейін берілді. Маусымның соңғы кезеңдерінің бірінде Қазақстан өкілі өткізген 20 матчтың 19-ында жеңіске жетіп, M15 санатындағы үш турнирде чемпион атанды.
Попко сәтті сериясын Арменияның Цахкадзор қаласында бастады. Ол мұндағы жарыстарда қатарынан екі рет чемпион атанды. Алғашқы финалда аргентиналық Игнасио Монсонды 6:3, 6:4 есебімен жеңсе, бір аптадан кейінгі шешуші кездесуде Дмитрий Бессоновтан 6:3, 6:2 есебімен басым түсті. Екі турнир де ашық аспан астындағы сазды корттарда өтті.
Одан кейін Попко Грузияға барып, Телавиде өткен тағы бір M15 турнирінде жеңіске жетті. Оның жеңіс сериясы одан да ұзақ болуы мүмкін еді. Сербияның Куршумлия-Баня қаласында өткен дәл осы санаттағы жарыста қазақстандық теннисші финалға дейін жетті.
Жалпы, Попко 2026 жылы кәсіпқой деңгейде өткізген 43 матчтың 30-ында жеңіске жетті. Ал сазды корттағы көрсеткіші бұдан да жоғары — 30 кездесудің 23-інде жеңіске жеткен.
Қазақстандық теннисшінің соңғы апталардағы нәтижесін World Tennis Tour жоғары бағалап, оған Men’s Player of the Month марапатын табыстады.