Қаршыға Дәутбек жеңіліс тапты
Қазақстандық спортшы Қаршыға Дәутбек Жапонияның RIZIN промоушеніндегі кезекті жекпе-жегінде жеңіліп қалды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Жекпе-жек Осака қаласында өткен Super RIZIN 5 турнирі аясында өтті.
Жартылай жеңіл салмақта Қаршыға Дәутбек жапониялық Рэн Хирамотомен кездесті. Үш раундқа созылған тартысты жекпе-жек төрешілер шешіміне дейін жетті. Нәтижесінде үш төрешінің екеуі Хирамотоның жеңісін қолдап, жапон спортшысы төрешілердің бөлінген шешімімен жеңіске жетті.
Осылайша, Хирамото кәсіби ММА мансабындағы бесінші жеңісіне қол жеткізді. Ал Қаршыға Дәутбек үшін бұл төртінші жеңіліс болды. Қазақстандық спортшының еншісінде 19 жеңіс бар.
Айта кетейік, Хирамотоның кикбоксингте де айтарлықтай тәжірибесі бар. Ол бұған дейін кәсіби ММА жекпе-жегін 2024 жылдың шілдесінде өткізген.
Осакадағы жеңілістен кейін Қаршыға Дәутбектің RIZIN-дегі рекорды 5 жеңіс және 2 жеңілісті құрады.