UFC файтері Хабибті өзіне үлгі тұтатынын айтты
UFC ұйымының америкалық файтері Бо Никал өз техникасын жетілдірудің жолдарын іздеуді жалғастырып келеді. Ол өзіне үлгі ретінде промоушеннің бұрынғы чемпионы Хабиб Нурмагомедовты атады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Никал аты аңызға айналған ресейлік файтердің жекпе-жектерін үнемі қайта қарап, октагондағы әрекеттерін мұқият талдайтынын айтты. Америкалық спортшының сөзінше, мұндай талдау өзінің күрес техникасын дамытуға және жекпе-жектерде қолданатын дағдыларын жетілдіруге көмектеседі.
Нурмагомедовтың ықпалы туралы Никал Мәскеуде өткен RAF күрес лигасының турнирінен кейін айтты. 5 қыркүйекте америкалық балуан Олимпиада чемпионы Ширвани Мурадовпен белдесіп, оны жеңді.
«Маған мықтылармен бәсекелесу ұнайды. Мен күресті және шынайы бәсекені жақсы көремін. Хабибтің бүкіл командасы керемет жігіттер. Сондықтан мұны тамаша мүмкіндік деп санаймын. Хабибті қатты құрметтеймін, оның барлық жекпе-жегін көріп, әдістерін зерттеймін. Оның кейбір тәсілдерін өз жекпе-жектерімде қолдануға тырысамын», – деді Никал.
Сонымен қатар америкалық спортшы UFC-де де біртіндеп қарқын алып келеді. Оның қатарынан екі жеңісі бар. Никал Виейра мен Даукаусты мерзімінен бұрын жеңді. Осы нәтижелердің арқасында ол Ренье де Риддерден жеңілгеннен кейін қайта оңалды.