Волкановски Евлоевке қарсы ерекше бағдарлама бойынша дайындалып жатыр
UFC чемпионы Александр Волкановски Мовсар Евлоевпен алдағы жекпе-жегіне дайындық барысы туралы айтып берді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Австралиялық файтер жаттығу лагерінде күреске ерекше көңіл бөліп жатқанын және бұл үшін «Еттартқыш» деп аталатын жаттығуды қолданатынын айтты. Жаттығу әрқайсысы бір минуттан тұратын 15 раундты қамтиды. Әр раундтан кейін Волкановски спаррингтегі қарсыласын ауыстырады. Сонымен қатар әр раундты өзіне қолайсыз әрі әдейі тиімсіз позициядан бастайды.
«Көптеген файтерлер позицияны қарсыласына беріп қойып, әдістерден қорғанумен ғана жатып қалады. Бірақ мен бұлай жекпе-жек өткізгім келмейді. Сондықтан қарсыластарымды мені қайта-қайта жерге құлатуға мәжбүрлеймін. Мен 100 пайыз дайын болғым келеді және қарсыласымның бүкіл салмағын өзімде сезінгім келеді. Демалуға мүмкіндік бергім келмейді», — деді Волкановски әлеуметтік желідегі видеосында.
Волкановски мен Евлоев 24 қазанда октагонда кездеседі. Жекпе-жекте UFC-дің жартылай жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуі сарапқа салынады.