«Шешімді ойыншы емес, клуб қабылдайды». Белгілі агент Самородов туралы айтты
Қазақстан құрамасы мен грозныйлық «Ахмат» клубының шабуылшысы Максим Самородовтың биыл жазда басқа клубқа ауысатын-ауыспайтыны оның қазіргі командасының ұстанымына байланысты деп санайды белгілі футбол агенті Дмитрий Селюк.
Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында маман қазақстандық футболшының болашағына баға беріп, оған мәскеулік «Спартак» қызығып отыр деген ақпарат жайлы ойын айтты.
«Бұл жерде шешімді Самородов емес, клуб қабылдауы керек. Самородовтың «Ахматпен» келісімшарты бар. Ол – жақсы футболшы. «Ахматта» өзін өте жақсы қырынан көрсетіп жүр. Бірақ Черчесовтың кезінде, маусымның көктемгі бөлігінде команда бір ойында ғана екі доп айырмасымен жеңіске жетті – «Пари НН» командасын 2:0 есебімен ұтты. Қалған матчтардың көбі тең аяқталды немесе жеңген күннің өзінде бір доп айырмасымен ғана ұтқан. Команда Самородов өз мүмкіндігін толық көрсетіп, көбірек гол соға алатындай футбол ойнап жүрген жоқ. Команда қанша мықты болса, ойнау сонша жеңіл болады.
Неге? Өйткені ойынды оқи алатын, дәл пас бере алатын, жоғары деңгейлі серіктестермен бірге доп тепкенде жұмысың жеңілдей түседі. Ал сен жақсы ойыншы болып, айналаңда деңгейі төмен футболшылар жүрсе, онда ойнау әлдеқайда қиын. Егер Самородовты, шартты түрде айтсақ, Челябіге ойнауға жіберсе, онда оған әлдеқайда қиын болар еді. Ал егер «Спартак» оны өз қатарына қосқысы келсе, неге бармасқа? Жалпы Самородов маған ұнайды, жақсы футболшы!» – дейді Селюк.
Айта кетейік, осы маусымда Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Самородов Ресей Премьер-лигасында 29 матчқа қатысып, 5 гол соқты және 6 нәтижелі пас берді.