«Тобылды» жазда үлкен трансферлер жасайды
Қостанайдың «Тобыл» клубы маусым барысында ауқымды өзгерістер енгізуі мүмкін, деп хабарлайды Prosports.kz.
Маусымды сәтсіз бастаған қостанайлық клуб қазіргі таңда чемпионат көшбасындағы ұжымнан 17 ұпайға қалып, Қазақстан кубогындағы жорығын да ерте аяқтады. Осыған байланысты команда үшін маусымды жақсы өткізу — еурокубоктарда сәтті өнер көрсету болмақ.
Клуб басшылығы жазғы трансферлік кезеңде құрамды күшейту мақсатында елеулі өзгерістер жасауды жоспарлап отыр. Бұған дейін «Тобылдың» үш легионермен қоштасуы мүмкін екені айтылған еді. Бұл бағыттағы алғашқы қадам да жасалды — клуб албаниялық шабуылшы Рубин Хебаймен келісімшартты бұзғанын ресми түрде хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, өзге шетелдік ойыншыларға қатысты шешім олардың орнына лайықты футболшылар табылған жағдайда қабылданады.
Сондай-ақ, жазда командадан қазақстандық екі ойыншының кетуі мүмкін екені де айтылуда.