Үстел теннисінен ұлттық құрама бапкері: Ешқашан жеңілеміз деп ойлаған жоқпыз

Үстел теннисінен ұлттық құрама бапкері: Ешқашан жеңілеміз деп ойлаған жоқпыз

Қазақстан ұлттық құрамасы үстел теннисінен Лондонда өткен әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетті, деп хабарлайды Prosports.kz.

Ерлер де, әйелдер де тарихи нәтижеге қол жеткізді. Бас бапкер Әсет Сағымбаев Olympic.kz сайтына берген сұхбатында әлемдік доданы қорытындылады.

Биыл әлем чемпионаты соңғы жылдардағы ең тартысты турнирлердің бірі болды. Іріктеу жүйесінің жаңаруы жолдама алуды айтарлықтай қиындатты. Финалдық кезеңге тек ең мықты командалар ғана өтті. Солардың қатарында Қазақстан құрамасы да болды. Оған қоса, ұлттық құрама іріктеу кезеңінен сәтті өтіп қана қоймай, тарихи жетістікке жетті.

Әлем чемпионатында ерлер құрамасы топтық кезеңде сенімді ойнады. Қазақстандық теннисшілер Түркия, Мысыр және Таиланд құрамаларын жеңді. Плей-офф кезеңінде де отандастарымыз батыл әрі сапалы ойын өрнегін жалғастырып, 1/16 финалда Испанияны 3:1 есебімен тізе бүктірді. Осылайша ұлттық құрама тарихта алғаш рет әлем чемпионатының үздік 16 командасының қатарына енді.

Ширек финал жолдамасы үшін Жапония құрамасына қарсы өткен кездесу өте тартысты болды. Турнир фавориттерінің бірі саналатын қарсыласқа қарамастан, қазақстандықтар лайықты өнер көрсетті. Қорытынды есепте жеңіліс тапқанымен, ерлер құрамасы әлем чемпионатын тоғызыншы орынмен аяқтады.

Әйелдер құрамасы да жақсы нәтиже көрсетті. Қазақстандық спортшылар топтық кезеңде Моңғолия мен Чехияны жеңіп, тек Бразилияға ғана жол берді. Осы нәтижемен қыздар екінші орын алып, плей-оффқа жолдама алу үшін өтпелі кезең матчына қатысты.

Бұл кезеңде ұлттық құрама Бельгияны сенімді түрде жеңіп, плей-офф кезеңіне шықты. Ал 1/8 финал жолдамасы үшін өткен ойында қазақстандықтар Швеция құрамасымен кездесті. Ойын өте тартысты әрі көрерменге қызықты өтті. Нәтижесінде Қазақстан әйелдер құрамасы 17-орынға жайғасып, әлем чемпионатындағы ең үздік көрсеткішін тіркеді.

Айта кетейік, Лондонда Қазақстан намысын Кирилл Герасименко, Алан Құрманғалиев, Айдос Кенжіғұлов, Санжар Жұбанов, Ескендір Харки, Зәуреш Ақашева, Сарвиноз Миркадирова, Әнел Бақыт, Жанерке Көшкімбаева және Мария Лукьянова қорғады.

"Жалпы нәтижені жақсы деп бағалаймын. Бас бапкер қызметіне келгеннен кейінгі алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткіздік, алғашқы әлем чемпионатына қатыстық. Осы кезеңдегі басты міндеттердің бірі психологиялық тұрғыда үлкен жұмыс жүргізу екенін түсіндім. Спортта жеңілмейтін қарсылас болмайды. Біздің құрама да кез келген командамен бәсекелесе алады.

Әлем чемпионаты барысында жігіттер ойын сайын қарқынын арттыра түсті. Алғашқы мақсатымыз - топтық кезеңнен шығу еді. Ерлер құрамасына өз тобындағы барлық кездесуде жеңіске жету міндеті қойылды. Одан кейін көп нәрсе жеребеге байланысты өзгерді. Соған қарай тактикалық әрі стратегиялық шешімдер қабылдадық", - деді бас бапкер Әсет Сағымбаев.

Маманның айтуынша, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында қайсарлық таныта білді және қарсыластың деңгейіне қарамай соңына дейін күресуге дайын екенін дәлелдеді.

"Психологиялық тұрғыда өзімізді жақсы қырынан көрсеттік. Ел намысын қорғау жауапкершілігі бізді жігерлендірді. Команда мінез көрсетті. Өзім де кезінде спортшы болдым. Сондықтан спорттық батылдықты жігіттердің бойына сіңіргім келді. Егер турнирге барсақ, жеңіс үшін баруымыз керек, аз нәтижеге қанағаттануға болмайды.

Сондықтан көрсеткен нәтижемізге көңіліміз толады. Көп адам жақсы пікір жазып, қолдау білдіруде. Әлем чемпионатында Қазақстанды агрессивті ойын мәнері үшін ерекше атап өтті. Бұл - атқарылған жұмыстың жемісі. Ең бастысы, алдағы сынақтарға дайынбыз. Біз биік межелерді мақсат етеміз. Әр матч сайын ілгері жылжуымыз қажет. Оның үстіне, биыл маусым өте ауыр. Алда жазғы Азия ойындары мен Ташкенттегі Азия чемпионаты бар. Мұның бәрі 2027 жылы Астанада өтетін әлем чемпионатының алдында ұйымдастырылады. Басты назарды сол жарысқа аударып отырмыз. Сондықтан дайындықты жалғастырып жатырмыз”.

Әсет Сағымбаев Жапонияға қарсы матч алдындағы дайындық пен тактикалық шешімдер туралы да айтып өтті. Оның сөзінше, команда бұл ойынға қорықпай, фавориттердің бірімен тең дәрежеде күресе алатынын сезініп шыққан.

"Жапонияға қарсы матчта Кириллді бірінші нөмірге, ал Аланды үшінші нөмірге қою ойымызда болды. Егер есепте 2:1 болып алға шықпасақ, мүмкіндік өте аз болатынын түсіндік. Бірақ матч алдында стратегияны сәл өзгерттік. Әртүрлі ақпарат келіп жатты. Сондықтан тәуекелге бармадық. Дегенмен чемпионат бойы батыл әрекет етуге тырыстық: кейде тәуекелге барып, кейде ештеңеден қорықпай ойнадық. Мұның бәрі тәжірибемен келеді. Біз бұл мәселелерді жігіттермен бірге талқыладық. Ешқашан жеңілеміз деп ойлаған жоқпыз. Матчқа мүлде басқа көңіл-күймен шықтық.

Иә, әлем чемпионатына дейін күмән болды. Кейбір ойындарда бәсекелесе алмаймыз деген ойлар да мазалады. Бірақ турнир барысында ондай ойдың бәрі жоғалып кетті. Керісінше, команданы қайта жігерлендірудің өзі қажет болмады. Жігіттердің өзі әр ойында қайсарлық танытып, қолдарынан келетінін айтып отырды.

Әйелдер құрамасы плей-оффта Швециямен кездесті. Жеңіліп қалдық, бірақ матч өте тартысты әрі қарқынды өтті. Кей сәттерде сәттілік серігіміз болғанда, мінез бен жанкештіліктің арқасында швециялықтарды жеңуге де болатын еді. Дегенмен қыздардың көзінде жеңіске деген құлшыныс көрінді. Сондықтан нәтижеге ризамын. Біз дұрыс бағытта келе жатырмыз".

Алдағы уақытта ұлттық құрама халықаралық жарыстарға дайындықты жалғастырады. Қазақстандық спортшыларды маңызды рейтингтік турнирлер күтіп тұр.

"Қазір әр спортшы жеке жоспар бойынша дайындалады. Көпшілігінің жеке жарыстары бар. Кирилл Герасименко Германия Бундеслигасының жартылай финалында өнер көрсетуге аттанды. Бұл - әлемдегі ең мықты клубтық лигалардың бірі. Қалған теннисшілер Ыстамбұл мен Загребтегі жарыстардан бөлек, түрлі турнирлерге қатысады. Шамамен шілде және тамыз айларында жалпы дене дайындығына арналған оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Алдымызда үлкен жүктеме күтіп тұр. Сондықтан спортшылардың физикалық дайындығын күшейтіп, төзімділікті арттыруымыз қажет. Жиын биік таулы аймақта өтуі мүмкін.

Қазір құрамамызда жас спортшылар көп. Ұлттық команда өте қызықты жобаға айналып келеді. Егер теннисшілер осы ынтамен, осы жігермен еңбек ете берсе, үлкен жетістікке жететінімізге сенімдімін", - деп қорытындылады Сағымбаев.

Астанада үстел теннисінен әлем чемпионаты өтеді

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или