Алан Құрманғалиев француз клубымен келісімшарты туралы пікір білдірді

Алан Құрманғалиев француз клубымен келісімшарты туралы пікір білдірді

Маусым айының басы Алан Құрманғалиев үшін маңызды оқиғаларға толы болды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Қазақстан ұлттық құрамасының үстел теннисінен өкілі Швецияда өткен WTT Youth Contender турнирінде алтын медаль жеңіп алып қана қоймай, Францияның ең атақты клубтарының бірі – GV Hennebont TT командасымен келісімшартқа қол қойды. Толығырақ Olympic.kz материалында.

Еске сала кетейік, Хельсингборгте (Швеция) өткен жарыста Алан U19 жас санатында алтын медаль иеленді. Турнир барысында ол Хьюго Джобсты (Швеция), Обада Таббахты (Швеция) 3:0 есебімен, Балаж Поорды (Мажарстан), Абхинандх Прадхивадхиді (Үндістан), Ян Мругаланы (Польша), Йохан Хавстинді (Дания) және Самуэль Михнуды (Польша) жеңді.

Қазақстандық спортшы үшін бұл турнир өз мүмкіндігін сынап көруге, сондай-ақ бұған дейін жеңе алмаған қарсыластарымен қайта кездесуге жақсы мүмкіндік болды.

«Турнир мен үшін өте сәтті өтті деп айта аламын. Ең үздік бабымда болдым деп айта алмаймын, бірақ бұрын жеңілген қарсыластарымды ұта алдым. Бұл өз күшіме деген сенімді арттырып қана қоймай, алға жылжу бар екенін де көрсетеді», – деді Құрманғалиев.

Швециядағы табысты өнеріне қарамастан, теннисші қазіргі маусымды әзірге толыққанды сәтті өтті деп бағалауға асығар емес. Алда халықаралық деңгейдегі көптеген жарыс бар. Олардың нәтижесі жыл қорытындысына тікелей әсер етеді.

«Маусым қалай өтіп жатыр деген сұраққа дәл қазір нақты жауап беру қиын. Өйткені алда әлі де көптеген ірі турнирлер күтіп тұр. Қазіргі уақытта спорттық жылымның өтуіне көңілім толады. Бірақ қорытынды жасауға әлі ерте», – деп атап өтті Алан.

Сонымен қатар спортшы мансабындағы жаңа кезеңге дайындалуда. Құрманғалиев Франция чемпионатының элиталық Pro A дивизионында өнер көрсететін «Хеннебон» клубымен келісімшартқа отырды. Бұл лига Еуропадағы ең күшті чемпионаттардың бірі саналады және әлемдік деңгейдегі ойыншыларды тұрақты түрде жинайды.

Бретань өңіріндегі аттас қаланың намысын қорғайтын «Хеннебон» клубы Франциядағы ең атақты командалардың қатарына кіреді. Команда бес рет ел чемпионы атанып, екі мәрте ETTU Cup Еуропа кубогының жеңімпазы болған.

«Келіссөздер өте ұзаққа созылды деп айта алмаймын. Барлығы бір аптадан сәл ғана артық уақыт алды. Клуб қызығушылық танытты, сондықтан барлық мәселені тез талқылап, ортақ келісімге келдік».

«Хеннебонмен» жасалған келісімшарт бір жылға есептелген. Сондай-ақ спортшы жаңа команда сапындағы алғашқы ойыны қашан өтетінін айтты.

«Келісілген шарттарға сәйкес, келісімшарт дәл бір жылға жасалды. Алғашқы ойындар биылғы қыркүйек айының ортасында өтеді. Сол уақытта клубтық маусым толыққанды басталады. Сондықтан оған жақсы дайындықпен келу қажет», – деді Құрманғалиев.

Келісімшарттың басты ерекшеліктерінің бірі – француз клубындағы ойындарды халықаралық турнирлермен және Қазақстан құрамасындағы міндеттемелермен қатар алып жүруге мүмкіндік беруі. Спортшының айтуынша, келісімшарт Францияда тұрақты тұруды талап етпейді.

«Ең бастысы – барлық жарыстың күнтізбесін дұрыс құру. Сонда бұл жағынан әлдеқайда жеңіл болады. Келісімшарт бойынша Францияға тек матчтарға ғана барып тұрамын. Ал қалған уақытта халықаралық жарыстарға және ұлттық құрама сапындағы ойындарға көңіл бөле аламын», – деп түсіндірді спортшы.

Айта кетейік, «Хеннебон» клубының өз халықаралық жаттығу орталығы – Ping Center бар. Бұл база команда ойыншыларының дайындығына ғана емес, әртүрлі елдердің спортшыларының оқу-жаттығу жиындарын өткізуге де пайдаланылады.

«Клубтың арнайы базасы бар. Онда тұрып, толыққанды жаттығуға барлық жағдай жасалған. Сондықтан қажет болған жағдайда дайындықты сол жерде өткізуге болады».

Сонымен қатар шетелдік клубтық чемпионаттарда басқа да қазақстандық үстел теннисі шеберлері өнер көрсетуде. Мәселен, Кирилл Герасименко Германияда ойнаса, Зауреш Акашева Польша чемпионатында бақ сынауда. Ал Айдос пен Дастан Кенжіғұловтар, сондай-ақ Ангелина Романовская Австрия клубтарының намысын қорғайды. Санжар Жұбанов Түркия командасында өнер көрсетеді.

Қазақстандық спортшы Францияның клубына ауысты

Қазақстандық спортшылар WTT Contender Zagreb турнирінде бақ сынайды

Астанада үстел теннисінен ірі халықаралық турнирлер өтеді

Алан Құрманғалиев Швециядағы турнирде алтын медаль жеңіп алды

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или