Әлем чемпионы Айым Серікбаева алға қойған мақсаттарын айтты
Таеквондодан Қазақстан жастар құрамасының жарық жұлдыздарының бірі Айым Серікбаева, деп хабарлайды Prosports.kz.
Отандасымыз 2025 жылы жасөспірімдер арасында Азия ойындарында топ жарды. Бұдан бөлек, жуырда Ташкентте (Өзбекстан) өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, алтын медаль иеленіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Бұрымды таеквондошымыз Olympic.kz сайтына берген сұхбатында спорттағы алғашқы қадамдары, жетістікке жету жолы және алдағы мақсаттары туралы айтып берді.
– Жалпы, таеквондоға қалай келдіңіз?
– Мектепте таеквондо үйірмесі ашылатыны туралы хабарландыруды көріп, қызығушылығым оянды. Содан бастап Ермекәлиев Еркебұлан ағайдың жаттығуларына қатысып, осы спортқа біржола бет бұрдым.
– Неліктен таеквондоны таңдадыңыз? Басқа да спортпен айналысып көрдіңіз бе?
– Басқа спортпен айналысып көрген жоқпын. Таеквондоны алғаш келгеннен-ақ қатты ұнатып, осы бағытта дамуды жөн көрдім.
– Алғашқы жаттығуыңыз бен турниріңіз сізге қандай әсер қалдырды?
– Алғашқы жаттығу өте қызықты өтті, сол сәттен бастап бұл спортқа деген ынтам арта түсті. Ал алғашқы жарысымда, әрине, өте қатты толқыдым.
– Әлемдік таеквондо жұлдыздарын қадағалайсыз ба? Кімнің стилі сізге жақын?
– Иә, әлемдік спортшыларды үнемі бақылап жүремін. Маған Таиландтың атақты спортшысы Панипак Вонгпаттанакит қатты ұнайды. Оның техникасы, тактикалық шеберлігі өте жоғары деңгейде.
– Осы спортта сізді алға қарай қадам басуға не жігерлендіреді?
– Мені алға жетелейтін - өзіме қойған мақсаттарым мен жеңіске деген ұмтылыс. Армандарым мені күн сайын жаттығуға жігерлендіреді.
– Жақында жастар арасында әлем чемпионы атануыңызбен құттықтаймыз. Бұл қандай сезім? Бұл жетістік сіз үшін нені білдіреді?
– Рақмет! Әлем чемпионы атану - ерекше сезім. Бұл - үлкен еңбектің нәтижесі әрі мен үшін жаңа деңгейдің бастауы.
– Жеңістен кейінгі алғашқы эмоцияңызды қалай сипаттайсыз?
– Ең алдымен, қуаныш пен мақтаныш сезімі болды. Еткен еңбегімнің ақталғанын сезіну ерекше әсер сыйлайды.
– Жақындарыңыз бен жанкүйерлердің қолдауы сезілді ме?
– Әрине, барша жанкүйердің қолдауы қатты сезілді.
– Ең қиын қарсыласыңыз кім болды?
– Барлық қарсылас мықты болды. Әсіресе жартылай финал мен финал өте тартысты өтті.
– Финалда қандай тактиканы ұстандыңыз?
– Финалда бапкерімнің нұсқауын толық орындап, алдын ала дайындалған тактикамен жұмыс істедім. Соның арқасында жеңіске жеттім.
– Еске салсақ, бұған дейін жасөспірімдер арасында Азия ойындарының чемпионы атандыңыз. Әлем чемпионатымен салыстырғанда айырмашылығы қандай?
– Азия ойындарымен салыстырғанда, Әлем чемпионатында бәсеке әлдеқайда жоғары. Себебі бұл бәсекеге әлемнің түкпір-түкпірінен ең мықты спортшылар жиналады.
– Әлем чемпионатына дайындық қалай өтті? Күнделікті жаттығу процесіңіз туралы айтып берсеңіз, өзгерістер болды ма?
– Дайындық жоғары деңгейде өтті. Жеке бапкерім Ермекәлиев Еркебұлан ағаймен бірге тыңғылықты жаттықтық. Біз өзіміздің қалыптасқан техникамыз бен тактикамызды жетілдіруге басымдық бердік.
– Бапкерлеріңіздің рөлі қандай болды? Кімге ерекше алғыс айтқыңыз келеді?
– Жеке бапкерімнің еңбегі өте зор. Еркебұлан ағай маған әрдайым демеу болып, сенім беріп, дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп отырды. Сол кісіге ерекше алғысымды білдіремін.
– Ендігі басты мақсатыңыз қандай?
– Ең үлкен мақсатым - Олимпиада чемпионы атану. Соған жету үшін бар күшімді саламын.
Жастар арасындағы ӘЧ: Айым Серікбаева алтын медаль жеңіп алды