Қайрат Нұрдәулетов: Келер жылы Премьер-лигаға шығуды көздеп отырмыз

Бірінші лигада бақ сынайтын Ertis клубының бас бапкері Қайрат Нұрдәулетов KFF League сайтына берген сұхбатында келесі жылы Премьер-лигаға шығуды мақсат етіп отырғанын айтты.
– Бірінші лигада биыл бәсекелестік жоғары. «Каспий», «Шахтер» басқа да тәжірибелі қарсыластар бар. Сіздердің осы маусымдағы басты мақсаттарыңыз қандай?
– Әрине, чемпионаттағы мықты деген қарсыластарымыз ретінде «Каспий» мен «Шахтер» клубтарын атауға болады. Дегенмен, біріншіліктегі әрбір клуб өте жоғары дайындалған. Жай жүгіріп, ойнайтын ешкім жоқ. Барлық командаларда бапкерлері үлкен жұмыс жүргізеді. Қарсыластардың ойыншылары да сапалы. Сондықтан жалғыз «Каспий» мен «Шахтерді» мықты деп айтуға келмейді. AKAS, «Қайрат-Жастар», «Оңтүстік», «Жетісай» деген ұжымдар да жоғары деңгейде. «Ақтөбе» жастар құрамасының ойыны да өте мықты екендігін байқадыңыздар. Сондықтан осал қарсылас жоқ. Жігіттерге де бұны әрқашан айтып отырамыз. Әрбір кездесуге 100% дайындықпен шығып, үш ұпай үшін күш салу керек. Жеңіл матчтар болмайды. Барлық команда Ertis-ке қарсы ерекше жігермен ойнауға шығады. Соны ойдан шығармауымыз қажет. Өзіміз де әрбір қарсыласты құрметтеп, жақсы дайындықпен шығуға тырысамыз. Біреуді мықты, біреуді әлсіз деп бөлмеймін. Алға қойған мақсатымыз Премьер-лигаға шығу. Құдай қаласа, дегенімізге жетеміз деп сенеміз. Қазір көп жұмыс істелініп жатыр.