Барменқұловқа іс қозғалмады — Қаржылық мониторинг агенттігі түсініктеме берді
Қазақстан футбол федерациясының экс-президенті Әділет Барменқұловқа қатысты қылмыстық іс қозғалды деген ақпаратты ресми органдар теріске шығарды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Сенат кулуарында мәлімдеді.
«Иә, ҚФФ бойынша қаржы жымқыру дерегімен қылмыстық іс тіркелген. Бірақ Барменқұлов қазір тергеуге күдікті ретінде танылған жоқ. Оған қатысты нақты баптар да белгіленбеген», — деді Елемесов.
Бұған дейін Бас прокуратура ҚФФ пен бірқатар футбол клубтарын тексеріп, үш миллиард теңгеге жуық заңбұзушылықтарды анықтаған. Бұл қаражат спорт нысандарының құрылысы, трансферлер және спортшылардың тамағына бөлінген бюджеттен орынсыз жұмсалған.
Әсіресе, Талғарда орналасқан ҚФФ базасына байланысты 350 миллион теңге игерілмеген жұмыстар үшін төленсе, тағы 135 миллион теңге стратегиялық құжаттар әзірлеуге кеткен. Сонымен қатар, бұрынғы басшылық таңдаулы қызметкерлер мен ойыншыларға 300 миллион теңгеден астам сыйақыны негізсіз таратқан.