Джастин Гэтжи – Рафаэль Физиев реваншы ресми түрде жарияланды
Жеңіл салмақтағы UFC-дің бұрынғы уақытша чемпионы Джастин Гэтжи (25-5) Рафаэль Физиевпен (12-3) өтетін реванш туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
— Арман мен Чарльз, түсінікті жайт, бұл ұсыныстан бас тартты. Макс пен Дастин де келіспеді. Моиканоға хабарласқанда, ол да «жоқ» деді.
Физиевке респект – ол әлемнің арғы шетінен келіп, бұл жекпе-жекті қабылдауға дайын екенін көрсетті. Мұндай деңгейдегі соққышыға қарсы реванш – мен үшін үлкен тәуекел. Бірақ өмірдің өзі – саяхат, — деп жазды Гэтжи X желісінде.
Айта кетейік, UFC-дің рейтингтегі жеңіл салмақ өкілі Рафаэль Физиев Дэн Хукердің орнына UFC 313 турнирінде Джастин Гэтжимен жұдырықтасатын болды. Бұл кеш АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтеді.
Бұған дейін Дэн Хукердің жаттығу кезінде қолын жарақаттап алғандықтан, турнирден шеттетілгені хабарланған еді.
Еске сала кетейік, Гэтжи мен Физиев бұған дейін UFC 286 турнирінде, 2023 жылдың наурыз айында кездескен болатын. Ол кезде америкалық файтер төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті. Бұл жеңіліс Физиевтің UFC-дегі үшінші сәтсіздігі ретінде тіркелді.
Рафаэль Физиев Қазақстанның Қордай ауданында дүниеге келген. Ол UFC-дегі дебютін 2019 жылы өткізді. 2021 жылдың 14 қазанына дейін Қырғызстанның атынан сынға түссе, қазір Әзербайжанның намысын қорғап жүр.