Қазақстандық файтер ММА-дегі сәтсіз сериясын үзді
Алматыда өткен OCTAGON 70 аралас жекпе-жек өнерінің мерейтойлық турнирінде жеңіл салмақта үшінші жекпе-жек өтті, деп хабарлайды Prosports.kz.
Октагонда қырғыз файтері Елдан Сакеев (5-3) пен қазақстандық Бахтияр Несіпбек (9-5-1) кездесті.
Айқас тең жағдайда өтті, бірақ бірінші раундтың соңына санаулы секундтар қалғанда Несіпбек қарсыласын толық маунтқа алып, тұншықтыру әдісімен жеңісті жұлып алды. Осылайша, қазақстандық спортшы мансабындағы қатарынан бес жеңілістен тұратын сәтсіз сериясына нүкте қойды.
Айта кетейік, кештің басты жекпе-жегінде BMF титулы үшін қазақстандық танымал актер әрі файтер Еркебұлан Тоқтар (9-3) мен даулы тәжік спортшысы Камиль Карате (7-2) кездеседі.
Ко-мейн ивентте жартылай орта салмақтағы чемпион Георгий «Рыцарь» Кичигин (31-11) белбеуін Өзбекстан өкілі Саидатахон Нуриддиновқа (6-1) қарсы қорғайды.
Сондай-ақ, ауыр салмақтағы бос тұрған чемпиондық белбеу үшін екі қазақстандық файтер — Карим Рузбакиев (9-2) пен Константин Меркулов (5-3) күш сынасады.