Асу Алмабаев UFC чемпионы титулына үміткер болуы мүмкін
Қазақстандық Асу Алмабаев пен португалиялық Манел Капе арасындағы жекпе-жек үміткерлік мәртебеге ие болады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұл дегеніміз, UFC Vegas 103 турниріндегі бұл кездесудің жеңімпазы кейін чемпиондық атаққа таласуға мүмкіндік алады.
Бұл ақпаратты Асу Алмабаевтың бапкері Эдуард Базров та растады.
«Келісімшарт турнирге қол қойылған. Басты жекпе-жек Асу мен Капенің айқасы болады. Бұл – өте жақсы жаңалық. Иә, бастапқыда Эрцегке дайындалдық, кейін дайындық жоспарына өзгерістер енгізуге тура келді. Өздеріңіз білесіздер, біз Тайландқа жаттығуға кетіп, дайындықты Эрцегке қарай ыңғайладық. Бірақ кэмпте Капе секілді мықты соққы жасағыштар да, грэпплерлер де болды. Бұл біз үшін белбеуге жетудің жылдам жолы. Ройвал жекпе-жектен бас тартқан бойда, бұл кездесуді бірінші болып біз сұрадық.
Бұл үміткерлік жекпе-жек, өйткені бастапқыда бұл мәртебе (Ройвал мен Капе үшін) белгіленген еді. Біз үшін бұл үлкен мүмкіндік, мықты сынақ, жақсы турнир. Өзімізді көрсетуге, UFC-дің басты оқиғасында бес раундтық жекпе-жек өткізуге мүмкіндік. Тағы да қайталаймын – біз мұнда тек жоғары мақсаттар үшін келдік. Ең биік мақсат – әлемдегі ең беделді ұйымның белбеуін алу. Көпшілік «Неге сонша ерте?» деп сұрап жатыр, бірақ біз тек алға ұмтылуымыз керек. Біз ешкімнен қорықпаймыз! Мен Асуға сенемін, ал ол маған сенеді!», – деді Эдуард Базров.