Танымал қазақстандық файтер АҚШ-тағы UFC турнирінің негізгі кардында өнер көрсетеді
Америкалық Kill Cliff залындағы күрес бойынша бапкер Саид Сапаров Асу Алмабаев 2 наурызда UFC Vegas 103 турнирінің басты жекпе-жегінде португалиялық Манел Капемен кездесетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Спорт Шредингера телеграм-арнасына сілтеме жасап.
Қазақстандық файтер жарақатына байланысты кеше жарыстан шығып қалған жеңіл салмақтағы рейтинг көшбасшысы Брэндон Ройвалдың орнына шығады. Капе рейтингте алтыншы орында тұрса, Алмабаев сегізінші орында. Капе үшін бұл екінші қазақстандық қарсылас болмақ – бұған дейін ол UFC-де Жалғас Жұмағұловты нокаутпен жеңген болатын.
Асудың UFC Vegas 103 турниріндегі қарсыласы үшінші рет өзгеріп отыр: бастапқыда оның қарсыласы Стив Эрцег болатын, алайда аустралиялық файтер 29 наурызда өтетін UFC Mexico турнирінің басты жекпе-жегіне ауыстырылып, бұрынғы чемпион Брэндон Мореномен жұдырықтасатын болды. Бүгінге дейін Асудың қарсыласы бразилиялық Аллан Насименту деп көрсетілген еді.
Алмабаев UFC Vegas 103 турниріне дайындығын Таиландта бастап, кейін Майамидегі Kill Cliff залында жалғастырды. Турнир Лас-Вегастағы UFC Apex түсірілім павильонында өтеді.