Қазақстан құрамасының қысқа Азия ойындарына арналған киімі таныстырылды
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі ұлттық құраманың IX Қысқы Азия ойындарына арналған ресми спорттық формасын таныстырды, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Ақ Азиада 2025 жылдың 7-14 ақпан аралығында Қытай Халық Республикасының Харбин қаласында өтеді.
Жаңа форма халықаралық стандарттарға сай әзірленіп, ұлттық талаптар толық ескерілді. Негізгі түстер – қою көк пен ашық көк. Бұл түстер тұрақтылықты, тәуелсіздікті және жаңа белестерге ұмтылысты бейнелейді. Ақ түсті элементтер тазалықты және спорттағы әділдік қағидаттарын айқындайды.Дизайн мемлекеттік рәміздермен: елтаңба және тумен толықтырылған. Сонымен қатар форманың безендірілуінде QAZAQSTAN жазуы, 2025 жылғы IX Қысқы Азия ойындарының логотипі және Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің эмблемасы бар. Форма заманауи технологиялармен жасалған жоғары сапалы материалдардан дайындалған. Спортшылардың жайлылығы үшін табиғи термореттеу қасиетіне ие маталар қолданылды. Сыртқы киім табиғи мамықпен жылытып, жеңіл әрі жылуды сақтайтын етіп жасалған», - делінген хабарлмада.